400

«Төртеуі шақырып алған»: Құлсарыдағы мектепте балта ұстаған оқушының анасы өз нұсқасын айтты

Анасының айтуынша, баласы бұған дейін мектеп ауыстыруды сұраған.

«Төртеуі шақырып алған»: Құлсарыдағы мектепте балта ұстаған оқушының анасы өз нұсқасын айтты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Құлсарыдағы мектепте болған резонансты оқиғаға қатысты оқушының анасы өз нұсқасын айтты. Анасының айтуынша, сол күні баласы сабақты тыныш өтіп отырған. Сабақ үстінде оны өзге сыныпта оқитын төрт жасөспірім дәретханаға шақырып алып кеткен.

Әйелдің сөзінше, ол жерде әлгі балалар баламен «есеп айырыспақ» болған. Төрт оқушының ортасында жалғыз қалған жасөспірім қорқып, өзін қорғау мақсатында балта тауып алған. Осыдан кейін ғана оқиға өрбіген.

Анасы баласының бұған дейін де қысым көріп жүргенін айтады. Оның сөзінше, ұлы өткен жылдың күзінде-ақ қатарластары тарапынан тұрақты әлімжеттікке ұшырап жүргенін айтып, басқа мектепке ауыстыруды сұраған. Алайда ата-анасы соңғы оқу жылын осы мектепте аяқтауға үгіттеген. Сол кезде жасөспірім «егер осында қалсам, бірдеңе болып кетуі мүмкін» деп ескерткен.

Соған қарамастан, отбасы төрт оқушыға қатысты арыз жазбаған. Анасы тараптардың татуласуына үміттенетінін айтып, басты мәселе – буллинг екенін жеткізді. Оның айтуынша, мектеп оқушылары арасында «терпила» деген сөздің кең таралуы балалардың шағымданудан және көмек сұраудан қорқуына әкеліп отыр.

Сондай-ақ ол мектеп директорын жазаламауды сұрады. Әйелдің сөзінше, оқиғаға мектеп әкімшілігінің қатысы жоқ. Анасы ұлының ешкімді арандатпағанын, орташа оқитынын және мінездемелері тек оң екенін айтты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Құлсарыдағы мектеп дәлізінде балта ұстаған оқушының басқа балаларды қуып жүрген сәті түсірілген видео тараған еді. Полиция мәліметінше, оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған. Аталған дерек бойынша «бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мектеп директоры болған жағдайдан кейін өз еркімен қызметінен кеткен.

Атырау облысындағы жағдайға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова пікір білдірді. Қазіргі уақытта жасөспірім үйқамаққа алынған, алайда оған сабаққа баруға рұқсат етілген.

Материал авторы