Қазақстан ресейлік белсендіні еліне қайтаруға келісті
Белсенді бұрын Навальныйдың штабында болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Бас прокуратурасы Ресей Федерациясының сұрауы бойынша белсенді Юлия Емельянованы экстрадициялау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы оған құқықтық көмек көрсетіп отырған «Антивоенный комитет» хабарлады.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, экстрадициялау жөніндегі қаулы Юлия Емельяноваға 29 қаңтарда табысталған. Алайда қорғау тарапы бұл шешім туралы тек тергеу изоляторына барған кезде ғана білген.
Белсенді жақтастары экстрадициялау туралы қаулыға сот тәртібімен шағым түсірмек. Себебі Қазақстан билігі Емельянованың саяси баспана беру жөніндегі өтінішін әлі қарастырып жатыр.
«Антивоенный комитеттің» мәліметінше, бұған дейін Қазақстанның Бас прокуратурасы саяси баспана беру мәселесі бойынша түпкілікті шешім шыққанға дейін экстрадициялау процесі тоқтатылатынына кепілдік берген.
Ресей тарапы Юлия Емельянованы такси жүргізушісінің ұялы телефонын ұрлады деген күдікпен экстрадициялауды талап етіп отыр. Тергеу материалдарында сөз болып отырған телефонның құны – 12 мың рубль.
Юлия Емельянова 2025 жылдың күзінде Алматы әуежайында ұсталған. Ресей билігі оны «мүліктік сипаттағы қылмыстар жасады» деген күдікпен мемлекетаралық іздеуге жариялаған.
Белсендінің адвокаты Мұрат Адамның айтуынша, Ресейде Емельяноваға 2021 жылы такси жүргізушісінің ұялы телефонын алып кеткен деген айып тағылған.
«Антивоенный комитет» бұл істі саяси астары бар қудалау деп бағалайды. Ұйым дерегінше, Юлия Емельянова бұрын Санкт-Петербургтегі Алексей Навальный штабының еріктісі болған. Ол 2022 жылдың жазында, өзіне қатысты ұрлық бабы бойынша қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейін Ресейден кеткен.
Сондай-ақ құқық қорғау ұйымы Қазақстанның бұған дейін де Ресейде саяси себеппен қозғалды деп саналатын істер бойынша азаматтарды экстрадициялағанын еске салды.
2026 жылдың басынан бері Қазақстан билігі Ресейге шешен белсендісі Мансур Мовлаевты және әскерден қашқан Семен Бажуковты экстрадициялауға келіскен. Сонымен қатар ІТ-маман Александр Качкуркин елден депортацияланған. Мәскеуге жеткізілген соң ол «мемлекетке опасыздық» бабы бойынша ұсталған.
Материал авторы