553

«Германияда жүргенде босатты»: Қырғызстан ҰҚМК-ның экс-төрағасы алғаш рет пікір білдірді

Камчыбек Ташиев отставкасын күтпеген жағдай деп атады.

«Германияда жүргенде босатты»: Қырғызстан ҰҚМК-ның экс-төрағасы алғаш рет пікір білдірді
Камчыбек Ташиев / Facebook

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Камчыбек Ташиев қызметтен алынғаннан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, қызметтен босатылғаны өзіне күтпеген жағдай болған. Ташиев сол кезде Германияда емделіп жүрген.

«Денсаулығыма байланысты, президенттің рұқсатымен Германияға барып, бұрын жасалған операциядан кейін тексеруден өтуім керек еді. Бірақ дәл сол кезде қызметтен босатылдым. Бұл мен үшін үлкен тосынсый болды. Қалай болғанда да, біз президенттің шешімін орындауға міндеттіміз», – деп жазды ол.

Бұрынғы комитет басшысы ең өкініштісі – арнайы қызметтің жеке құрамымен қоштасуға мүмкіндік берілмегені екенін айтты. Сондай-ақ ол азаматтарды заңсыз әрекеттерге бармауға шақырып, елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау үшін барлығы заң аясында әрекет етуі тиіс екенін атап өтті.

Камчыбек Ташиевтің Қырғызстан министрлер кабинетінің төраға орынбасары және ҰҚМК төрағасы қызметтерінен босатылғаны 10 ақпанда белгілі болды. Тиісті жарлыққа президент Садыр Жапаров қол қойған.

Ташиев бұл қызметтерді 2020 жылдың қазан айынан бері атқарып келген.

Қызметтен босатылғаннан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының міндетін уақытша атқару Жумгалбек Шабданбековке жүктелді. Сонымен бірге ведомство төрағасының үш орынбасары да қызметінен кеткені хабарланды.

Президент әкімшілігі кадрлық шешімнің мақсаты – «мемлекеттің бірлігін нығайту» және қоғамда, соның ішінде мемлекеттік органдар арасында алауыздықтың алдын алу екенін түсіндірді.

Материал авторы