389

«Басыма тапанша кезеді»: Олимпиада жүлдегері шетелде қысым көргенін айтты (ВИДЕО)

Спортшы өзін Иманалиев Нұрлан мен Мұқашев Шыңғыс қорқытып, жалған ақпарат айтуға мәжбүрлегенін айтты.

«Басыма тапанша кезеді»: Олимпиада жүлдегері шетелде қысым көргенін айтты (ВИДЕО)
instagram.com/shynaliev_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шетелде қысым көргенін айтып, құқық қорғау органдарынан көмек сұраған бокстан Олимпиаданың қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиевтің мәлімдемесінен кейін қылмыстық іс қозғалды.

Бас прокуратураның мәліметінше, іс спортшының жеке арызы негізінде тіркелген.

Еркебұлан Шыналиевтің айтуынша, 2025 жылдың мамыр айында Иманалиев Нұрлан мен Мұқашев Шыңғыс оны бапкерлік қызметке шақырып, Ыстамбұлға баруға үгіттеген.

Оның сөзінше, елге оралғаннан кейін Шыңғыс бірнеше рет хабарласып, адамдарды ұрып-соғуға, қол-аяғын сындыруға қатысты әрекеттерге қатысуды ұсынып, ақша беруге уәде еткен. Алайда спортшы бұл ұсыныстан бас тартқан.

2026 жылдың қаңтарында оны тағы да Түркияға шақырып, бапкерлік мансап басталатынын айтып сендірген. Бірақ уәде орындалмаған.

Шыналиевтің мәлімдеуінше, Ыстамбұлға барған соң оны қала маңындағы тастанды ғимаратқа апарып, өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде танытуға мәжбүрлеген. Одан кейін қарумен қорқытып, жалған ақпарат айтуға итермелеген.

Бұл деректерге байланысты Мәжіліс отырысында Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Бір-екі күн бұрын Қылмыстық кодекстің 125-бабы – адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір іс тергеліп жатыр», – деді ол.

Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, күдіктілерді Қазақстанға қайтару үшін Түркия тарапына ресми өтінім жолданған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор