Ресейде саяси сөзі үшін қазақ студенті үш жыл түрмеге тоғытылуы мүмкін
Студент съезд кезінде терроризмді жақтайтын сөздер айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Санкт-Петербургте қазақстандық студент Гарри Азарянға қатысты қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптау үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Айыптаушы тараптың бұл талабы сотталушы кінәсін мойындап, өкініш білдіргеніне қарамастан қойылып отыр. Іс «ерекше тәртіппен» қаралған. Ал аталған бап бойынша жаза ретінде айыппұл да қарастырылған.
Тергеу дерегінше, Азарян «Жұмысшы еркі» қозғалысының съезінде сөйлеген сөзінде зорлық-зомбылыққа үндейтін мәлімдемелер жасап, терроризмді ақтаған. Алайда сот отырысында оның сөзінің толық мәтіні жарияланған жоқ. Белгілі болғаны – ол сөзінде «капитализмнің кінәсі», «қанаушылар» және «буржуазиялық реформаторлар» туралы айтқан.
Тергеу органдары бұл мәлімдемелердің елде мобилизация жүргізіліп жатқан кезеңде жасалғанын ауырлататын мән-жай ретінде бағалап отыр.
Ал қорғау тарапы жас жігіттің өз кінәсін мойындағанын, тергеу талаптарының бәріне бағынғанын және шын мәнінде өкінетінін алға тартты.
Гарри Азарян соттағы соңғы сөзінде қоғамға қайта оралып, пайдалы болғысы келетінін мәлімдеді.
«Мен қоғамға қайта қосылып, оған қызмет еткім келеді. Өзімнің түзелгенімді және радикалды, маргиналды әрі деструктивті әрекеттерге енді бармайтынымды дәлелдегім келеді», – деді ол.
Айта кетейік, Гарри Азарян 2025 жылы ұсталған. Бұған дейін құқық қорғау органдары «Ғылым өлді» атты перформансты зерттеп, осы іс арқылы «Жұмысшы еркі» қозғалысының съезіне шыққан. Сол кезде тергеу өкілдері Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің студенті билікті құлатуға және жаппай адам өлтіруге шақырған деп мәлімдеген.
Ал қозғалыс өкілдері істі «қолдан жасалған» деп атап, қазақстандық азаматқа халықаралық қорғау қажет екенін айтқан.
Қазіргі таңда Гарри Азарян небәрі сегіз ай тергеу изоляторында отырған.
Материал авторы