198

Қарағандыдағы ауруханада балаларға қара қоңыз қосылған тамақ берілген

Ауруханада ресми тексеріс жүріп жатыр.

Қарағандыдағы ауруханада балаларға қара қоңыз қосылған тамақ берілген
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында балаларға берілген астың ішінен қара қоңыздар табылуына байланысты жоспардан тыс тексеріс басталды. Бұл туралы КТК арнасы жеткізді.

Оқиға балалардың жұқпалы аурулар бөлімінде болған. Кішкентай пациенттерге тауық еті қосылған палау берілген. Алайда тағам салынған контейнерді ашқан кезде оның ішінен қара қоңыздар шыққаны анықталған. Осыдан кейін балалар асты жеуден бас тартқан.

Ата-аналар аурухана әкімшілігінен ресми түсініктеме талап етіп, сол тағамды өздеріне де ұсынып көруді сұраған.

Олардың айтуынша, емдеу мекемесінде сырттан әкелінетін тағамға қатаң талап қойылады. Бірақ бұл жағдайдан кейін ата-аналар аурухананың өз асханасынан жеткізілетін тамаққа да сенімсіздікпен қарай бастаған.

Медицина қызметкерлері ауруханада жеке ас блогы жоқ екенін мәлімдеді. Барлық тағам арнайы келісімшартпен жұмыс істейтін компания арқылы жеткізіледі. Даулы күні жеткізілген тағам партиясы толықтай ауыстырылған.

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Люция Гомельдің айтуынша, жағдай әкімшілікке бірден белгілі болған.

«Ақпарат түскен бойда жедел шаралар қабылданды. Жеткізуші компания өкілі шақырылып, тексеріс жүргізілді. Тамақтың бүкіл партиясы ауыстырылды. Қосымша материалдар тиісті қызметтерге жолданды», – деді аурухана басшылығы.

Қазіргі таңда жеткізуші компанияның қызметіне және тағам қауіпсіздігіне қатысты тиісті тексеру жүргізіліп жатыр.

Материал авторы