Сенатор Байқадамовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
Наурызбай Байқадамов Сенаттағы мандатымен қоштасты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысынан сайланған сенатор Наурызбай Байқадамовтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Шешім оның Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры қызметіне тағайындалуына байланысты қабылданған. Тиісті қаулы республикалық комиссия деңгейінде бекітілген.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Байқадамовтың парламенттегі жұмысына жоғары баға беріп, оның заң шығару қызметіне қосқан үлесін атап өтті. Оның айтуынша, сенатор Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары мәселелері жөніндегі комитет мүшесі ретінде қоғамды алаңдатқан бірқатар маңызды шешімдерді қабылдауға атсалысқан.
«Сіз парламентпен бірлескен жұмыста көптеген өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қостыңыз. Бюро сіздің қызметіңізді жоғары бағалап, Сенаттың Құрмет грамотасымен марапаттау туралы шешім қабылдады», – деді палата төрағасы.
Наурызбай Байқадамов 1967 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, кафедра меңгерушісі, колледж директоры және проректор қызметтерін атқарған.
Кейін облыстық білім басқармасын басқарды, партия құрылымдарында жұмыс істеді, облыстық мәслихаттың хатшысы әрі төрағасы болды, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
2024 жылдың сәуірінен бері Қызылорда облысынан Сенат депутаты ретінде жұмыс істеп келді.
Материал авторы