390

Сәтпаевта ер адам қыздың жалған интим-видеоларын таратып, тойдың шырқын бұзды (ВИДЕО)

Ер адам қызды бес жыл қудалаған.

Сәтпаевта ер адам қыздың жалған интим-видеоларын таратып, тойдың шырқын бұзды (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысында киберқудалауға қатысты ең ұзақ істердің бірі әшкереленді. Сәтпаев қаласының тұрғыны бір қызды және оның отбасын небәрі әлеуметтік желідегі хат алмасудан бас тартқаны үшін бес жылға жуық уақыт бойы қорқытып келген.

Полиция мәліметінше, күдікті бірнеше жалған аккаунт пен аноним парақшалар арқылы жүйелі түрде қысым жасаған. Алдымен қорқыту, бопсалау және жалған ақпарат тарату әрекеттері басталған. Кейін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, нақты адамдардың сырт келбетін қолдан жасалған интим сипаттағы фото және бейнематериалдарға «жапсырып», жалған контент жасаған.

Бұл фейк материалдар қыздың туыстарына, таныстарына және бөгде адамдарға таратылып, оның ар-намысы мен беделіне ауыр соққы болған.

Полицияның хабарлауынша, 2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген күдікті күйеу жігіттің отбасына жалған бейнематериалдар жіберген. Соның салдарынан құдалық бұзылған.

Қыз әлеуметтік желілерден мүлде кетуге тырысқаннан кейін, шабуыл оның жақын туысына бағытталған. Интернетте жалған анкета мен жалған материалдар пайда болып, отбасының, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне нақты қатер туындаған.

Ұлытау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұзақ уақыт бойы өзін «анониммін» деп есептеген адамды киберполиция заманауи цифрлық технологиялар мен аналитикалық құралдардың көмегімен анықтаған.

«Оперативтік іс-шаралар барысында онлайн қудалаудың артында тұрған нақты адам анықталды. Осылайша интернеттегі толық жасырындық туралы түсініктің жалған екені дәлелденді», – деп мәлімдеді полиция.

Күдікті ретінде Сәтпаев қаласының 22 жастағы тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған болуы мүмкін компьютерлік техника мен байланыс құралдары тәркіленді.

Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Тергеу оның басқа да киберқылмыс эпизодтарына қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Материал авторы