389

БҚО-да бухгалтер 118 млн теңгені букмекерлік ойындарға жұмсаған

Жымқырылған қаражатқа жаңа автокөлік сатып алынған.

БҚО-да бухгалтер 118 млн теңгені букмекерлік ойындарға жұмсаған
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорындардың бірінде аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыру дерегі анықталды.

Прокуратураның мәліметінше, кәсіпорын бухгалтері мекеме қаражатын букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсаған. Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, ол «1XBet» платформасы арқылы жүйелі түрде бәс тігіп, компания қаржысын пайдаланған.

Сонымен қатар жымқырылған ақшаға жаңа автокөлік сатып алынғаны белгілі болды.

Мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі — 118 миллион теңге.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Істі арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.

Күдікті қамауға алынды, сатып алынған көлікке тәркілеу шектеуі қойылды.

Прокуратура өкілдері бұл жағдай құмар ойындарға тәуелділіктің ауыр қылмыстарға алып келуі мүмкін екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында прокуратура актілері негізінде мемлекеттік органдардың 16 қызметкері құмар ойындарға қатысқаны үшін қызметтен босатылған.

Қадағалау органы бюджет қаражатын заңсыз пайдалану деректерін анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Материал авторы