Алматыда ер адам бұрынғы әйелін аңдығаны үшін жазаланды
Сот сталкинг жасаған азаматты кінәлі деп таныды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қасақана қудалау мен психологиялық қысым көрсеткен азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша сот үкімі шықты. Бұл – сталкинг дерегі бойынша шығарылған алғашқы үкімдердің бірі.
Полицияның мәліметінше, ер адам бұрынғы жұбайымен қарым-қатынасы үзілгеніне қарамастан, оны жүйелі түрде аңдыған. Жәбірленушінің жүріп-тұруын бақылап, жеке өміріне заңсыз араласқан, қорқыту сипатындағы хабарламалар жіберген, сондай-ақ жұмыс орнында және қоғамдық орындарда әдейі жанжал шығарған.
Құқық қорғау органдары оның бұған дейін де полицияның қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, алайда соған қарамастан заңсыз әрекеттерін жалғастырғанын хабарлады.
Қудалаудың салдарынан жәбірленуші үнемі үрей жағдайында өмір сүріп, бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған. Сонымен қатар ол мемлекеттік қорғау органдарына қайта-қайта жүгінген.
Сот істі қарау нәтижесінде ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сондай-ақ жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.
Материал авторы