414

Жамбыл облысында зейнеткер өз ұлын үйден шығару үшін сотқа жүгінді

Зейнеткер ана ұлының үстінен сотқа талап арыз түсірді.

Жамбыл облысында зейнеткер өз ұлын үйден шығару үшін сотқа жүгінді
stylishbag.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында зейнет жасындағы әйел өзіне тиесілі тұрғын үйден ұлын мәжбүрлеп шығару туралы талаппен сотқа арыз түсірді.

Іс материалдарына сәйкес, аталған үй әйелге туған әпкесі сыйға тартқан. 2019 жылы күйеуі қайтыс болғаннан кейін, анасының айтуынша, ұлы ішімдікке салынған, үй ішінде жанжал шығарып, ар-намысына тиетін сөздер айтып, мүлікке зиян келтірген.

Сотта белгілі болғандай, ер адам бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеген. Алайда талапкердің мәлімдеуінше, оның мінез-құлқы өзгермеген. Сонымен қатар ол отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Тұрақты жанжалдар мен қысым салдарынан әйел ұлын үйден шығару жөнінде сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

Істі қарау барысында татуластыру рәсімдері қолданылып, тараптар медиация тәртібімен келісімге келді. Келісім шарттарына сәйкес, егер анасы тарапынан ұлының заңсыз әрекеттері бойынша полицияға кемінде бір арыз түссе, ол тұрғын үйден өз еркімен кетуге міндеттенді.

Сот медиативтік келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты. Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Материал авторы