БҚО-да ауыл әкіміне қатысты аудиохабарламалар жанжалға ұласты
Әкімнің жазысқан хабарламалары қоғамның талқысына айналды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында Бәйтерек ауданына қарасты Рубежин ауылдық округінің әкімі Арман Жұмағалиевтің жазысқан аудиохабарламалары қоғам талқысына түсті. Шенеунікке қатысты тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, ауыл тұрғыны әкімнің өзімен дауыстық хабарламалар арқылы сөйлесу барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын бұзғанын айтып шағым түсірген. Өз сөзін дәлелдеу үшін ол әңгіме жазбаларын ұсынған.
Кеңесте Арман Жұмағалиев бұл шағымның алғаш рет түсіп отырғанын айтып, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, жазысу жеке сипатта болған әрі жұмыс уақытынан тыс жүргізілген. Сондай-ақ ол азаматшаның өзіне бірнеше рет хабарласқанын, ал өзі алғаш болып байланысқа шықпағанын жеткізді.
«Мен оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретіндей сөз айтқан жоқпын. Тек «ештеңе істемедің» деген тіркес қолдандым. Бұл жеке хат алмасу кезінде, жұмыстан тыс уақытта жазылған. Ол менен құзыретіме кірмейтін мәселелерді талап етті, тіпті сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптады. Мен ешқашан жемқор болған емеспін», – деді әкім.
Сонымен бірге ол шағымданушы тараптың әдейі тек өзі дөрекі сөйлеген жазбаларды ғана ұсынып, арандату болған тұстарды көрсетпегенін алға тартты.
Алайда Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шенеуніктің сөздерінен мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаларын бұзу белгілері бар деген қорытындыға келді. Кеңес Арман Жұмағалиевке тәртіптік жаза ретінде «сөгіс» беруді ұсынды.
Өз кезегінде ауыл әкімі қабылданған шешіммен келіспейтінін және оны сот тәртібімен даулауға ниетті екенін мәлімдеді.
«Бұл – жұмысқа қатысы жоқ, жеке сипаттағы хат алмасу. Керісінше, аудиожазбаны тарату арқылы азаматша менің құқығымды бұзды», – деді ол.
Арман Жұмағалиев Рубежин ауылдық округінің әкімі қызметіне 2024 жылы тағайындалған. Бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарып, подполковник шеніне дейін көтерілген.
Материал авторы