349

Ресей «сатқындығы» үшін Рыбакина бастаған спортшыларды елге кіргізбеуі мүмкін

Ресей спорт министрі азаматтық ауыстырғандарға қатысты арнайы бұйрыққа қол қойды.

Ресей «сатқындығы» үшін Рыбакина бастаған спортшыларды елге кіргізбеуі мүмкін
John Walton - PA Images / Contributor / PA Images / Gettyimages.ru

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде спорттық азаматтығын ауыстырған атлеттерге қатысты қатаң шектеу енгізу мәселесі күн тәртібіне шықты. Бұл бастама Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп жүрген бірқатар белгілі спортшыға тікелей әсер етуі мүмкін.

Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев VK Video платформасындағы Центральный канал бағдарламасында халықаралық жарыстарға қатысу үшін азаматтығын ауыстырған спортшыларды ашық түрде «сатқындық жасады» деп бағалады.

Министрдің айтуынша, мұндай қадамға барған бұрынғы ресейлік спортшыларға елге кіруге тыйым салынып, барлық спорттық атақтары мен дәрежелерінен айырылуы тиіс.

«Егер ресейлік спортшы халықаралық жарыстарға қатысу үшін азаматтығынан бас тартса, оның елге кіруін жабу және барлық атағынан айыру қажет. Бұл – таза сатқындық», – деді ол.

Дегтярев азаматтығын ауыстырған спортшыларға қатысты жазаны қатаңдатуды көздейтін бұйрыққа қол қойғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай шаралар іс жүзінде қолданыла бастаған – шахматшылардың бірінен гроссмейстер атағы алынып қойған.

Министр спортшыларды мемлекет есебінен даярлап, инфрақұрылыммен қамтамасыз еткенін алға тартып, болашақта елден кеткен атлеттерді Ресей аумағына кіргізбеу және отандық спорт нысандарын пайдалануға толық тыйым салу саясатына біржола көшу жоспарланып отырғанын айтты.

Егер Ресей билігі жарияланған шектеулерді толық іске асырса, бұл шешім Қазақстан атынан сынға түсіп жүрген, бірақ Ресейде туған бірқатар танымал спортшыға әсер етуі мүмкін.

Атап айтқанда, Қазақстан құрамасында өнер көрсететін:

Елена Рыбакина – Мәскеуде туған,

Александр Бублик – Гатчина қаласының тумасы,

Анна Данилина – Мәскеуде туған,

Александр Шевченко – Түрікменстанда туған, кейін Мәскеуге қоныс аударған.

Бұдан бөлек, Қазақстан атынан қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынап жүрген, бұрын Ресей азаматтығында болған спортшылар да осы саясаттың ықтимал нысанасына айналуы мүмкін. Олардың қатарында:

мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина,

конькимен жүгірушілер Елизавета Голубева және Кристина Силаева,

тау шаңғышысы Александра Скороходова бар.

Аталған спортшылар әр жылдары спорттық азаматтығын ауыстырып, бүгінде халықаралық ареналарда Қазақстан құрамасының намысын қорғап жүр.

Материал авторы