Талдықорғанда «зорлады» деп бопсалаған 9 адам сотталды
Интернет-таныстық арқылы адам бопсалайтын топ әшкереленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Талдықорғанда интернет арқылы танысып, азаматтарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты.
Оқиға Талдықорған қаласында тіркелген. Тергеу материалдарына сәйкес, ұйымдасқан топ ұзақ уақыт бойы адамдарға психологиялық қысым жасап, ақша бопсалаған.
Істі қарау барысында қылмыстық топ мүшелері әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, әртүрлі сылтаумен оларды пәтерге шақырғаны анықталды. Одан кейін жәбірленушілерге қатысты жалған шағым түсіретінін айтып, қысым көрсеткен.
Атап айтқанда, күдіктілер «зорлады» деген жалған арызбен полицияға жүгінетінін ескертіп, мәселені «реттеу» үшін қомақты ақша талап еткен. Барлық әрекет алдын ала бөлінген рөлдер бойынша ұйымдастырылған.
Қадағалаушы органның мәліметінше, бұл схема 2024 жылғы мамыр мен 2025 жылғы наурыз аралығында жүзеге асқан. Қылмыстық топтың әрекеті әшкереленгеннен кейін күдіктілер ұсталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілген.
Іс сотта қаралып, айыптаудың негізді екені дәлелденді.
2026 жылғы 30 қаңтарда Талдықорған қалалық соты 9 адамды Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі бойынша (бопсалау) кінәлі деп танып, әрқайсысына әртүрлі мерзімге жаза тағайындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Тергеуді Жетісу облысының прокуратурасы жүргізіп, айыпты сотта толық дәлелдеген.
Материал авторы