Елде шетелдіктер үшін ақылы трассалар қымбаттауы мүмкін
Көлік министрлігі транзит салдарынан жолдардың тез тозып жатқанын алға тартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда республикалық маңызы бар ақылы автожолдармен жүретін шетелдік транзиттік жүргізушілер үшін жолақы мөлшерін арттыру ұсынылып отыр.
Бастаманы Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі көтерді. Ведомство мәліметінше, жаңа тәртіп шетелдік транзиттік пайдаланушыларға арналған дифференцияланған тариф енгізуді көздейді. Ұсыныс мақсаты – транзиттік көліктер салдарынан жолдардың тез тозуына байланысты күтіп-ұстау және жөндеу шығындарын өтеу.
Министрліктің түсіндіруінше, қосымша түсімдер республикалық жол желісін дамытуға және жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға бағытталады.
Алайда бұл өзгеріс барлық шетелдік жүргізушілерге бірдей қолданылмайды. Жаңа талаптар Қазақстанмен жол жүру ақысы жөнінде үкіметаралық келісімі жоқ мемлекеттердің азаматтарына ғана қатысты болады.
Жоба мәтінінде бұл норма Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Қазақстан Республикасының резиденттеріне және жолақы мәселесі үкіметаралық келісімдерде бөлек реттелген мемлекеттерге қолданылмайтыны көрсетілген.
Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланған. Егер бастама қабылданса, жаңа тәртіп 2026 жылғы наурыздың соңында күшіне енеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы желтоқсаннан бастап ақылы жолдар үшін төлем жасау мерзімі 7 күннен 30 күнге ұзартылған. Бұл өзгеріс жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да қатысты.
Материал авторы