Ақмола облысындағы лицензиясы жоқ пансионатта ер адамды тоқ соқты
Ер адам күйікпен ауруханаға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында жеке пансионатта ер адамды тоқ соғып, ауыр жарақат алған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға Жібек Жолы кенті аумағында орналасқан жеке пансионатта болған. Аталған мекеме Аршалы ауданына қарайды.
Ауыр оқиға 12 ақпанда тіркелді. 1979 жылы туған ер адамды электр тогы соғып, күйік жарақаттарын алған. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Жағдайға қатысты Ақмола облысының полиция департаменті пікір білдірді. Алдын ала мәліметке сәйкес, бұл пансионатта науқас және күтімді қажет ететін адамдар тұрады. Туыстары олардың әрқайсысы үшін ай сайын кемінде 100 мың теңге төлейді. Алайда мекеменің әлеуметтік қызметтер көрсетуге арналған ресми лицензиясы жоқ болып шыққан.
Құзырлы органдардың мәліметінше, пансионат іс жүзінде тек тұрмыстық күтім көрсетумен шектелген, ал арнайы әлеуметтік немесе медициналық қызмет көрсетуге құқығы болмаған. Онда тұратындардың басым бөлігі – Астана қаласының тұрғындары.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Материал авторы