Қазақ тілінде уағыз жүргізетін шіркеу қызметкері қамауға алынды
Украинадағы соғысқа ашық сын айтқан дін қызметкері тергеліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қазақ тілінде уағыз жүргізген бұрынғы шіркеу қызметкері Яков Воронцов 10 күнге әкімшілік қамауға алынды.
Әкімшілік сот шешімі 13 ақпанда қабылданды. Воронцов өз кінәсін мойындамады, ал адвокаты шешімге толық мәтінді алғаннан кейін шағым түсіруді жоспарлап отыр.
Оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 440-1-бабы бойынша протокол жасалды — «Медициналық емес мақсаттағы есірткі заттарын, психотропты заттар мен олардың аналогтарын қолдану».
Бұған дейін Воронцов Алматы полициясына жеткізілген және онымен байланысты қылмыстық іс «есірткі заттарын қолдану үшін притон ұйымдастыру фактісі бойынша» тергеліп жатқаны хабарланған. Тергеу кезінде ұнтақ түріндегі заттар тәркіленіп, медициналық сараптама оның есірткі қолданғанын растады.
Адвокат сонымен қатар, бұл оқиғаның Қазақстан митрополия округінің өкілдері жақында президентке жолдаған, Воронцовқа қатысты «қақтығысты арандату» ісін қайта бастау туралы өтініштерімен байланысы мүмкін екенін айтты.
Яков Воронцов — Қазақстанда қазақ тілінде қызмет өткізген алғашқы РПЦ шіркеу қызметкері. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін ол РПЦ кейбір діни қызметкерлерінің соғысқа қолдау білдіруін ашық сынаған. 2023 жылғы маусымда ол РПЦ қызметін тоқтатқан.
2024 жылы оған қатысты «конфессияаралық қақтығысты арандату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді, бірақ құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Осы аптада Воронцов Алматы әділет департаментіне және Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуді заңсыз тоқтатқанын мойындауды талап етіп, діни бірлестікті тіркеуді міндеттеу туралы талап арыз да жолдағаны белгілі болды.
Материал авторы