Ақтөбеде жастар арасында «қылмыстық бедел» орнатуға тырысқан екі адам ұсталды
Полиция жастарға қысым көрсеткен топтың әрекетін тоқтатты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе қаласында жастар арасында ықпал орнатуға тырысқан екі адам ұсталды.
Ақтөбе облысының полиция департаменті хабарлауынша, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2026 жылғы ақпанда жастар ортасында өзін «қылмыстық бедел» ретінде көрсетуге ұмтылған екі қала тұрғынын ұстаған.
Оперативтік деректерге сәйкес, күдіктілер күш көрсету, қорқыту және қоғамдық орындарда мүлікке зиян келтіру арқылы айналасындағыларға ықпал етуді көздеген.
6 ақпанға қараған түні қаладағы ойын клубтарының бірінде олар газ баллонын қолданып, келушілердің біріне жарақат салған әрі ойын автоматтарының мониторларын сындырған. Құқық қорғау органдары бұл әрекеттердің басты мақсаты — күшін көрсету және жастарды үркіту болғанын атап өтті.
Күдіктілердің бұрын сотталғаны белгілі. Соған қарамастан, олар заңға қайшы әрекеттерін тоқтатпаған. Осыған байланысты «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар олардың өңірде жасалған өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қазіргі уақытта ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция қоғамдық орындарда заңсыз әрекеттердің куәсі болған жағдайда дереу хабар беруге шақырды.
Материал авторы