320

Маңғыстауда елге кіргізілмеген 19,2 тонна алмұрт Бельгияға кері қайтарылды

Құжатсыз әкелінген 20 тоннаға жуық алмұрт ел шекарасынан өтпеді.

Маңғыстауда елге кіргізілмеген 19,2 тонна алмұрт Бельгияға кері қайтарылды
Ауыл шаруашылығы министрлігі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы Құрық портында Бельгиядан жеткізілген алмұрттың ірі партиясы Қазақстан аумағына кіргізілмей, кері қайтарылды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жазды.

Мәліметке сәйкес, Құрық порты арқылы елге жеткізілген подкарантиндік өнім — жалпы салмағы 19,2 тонна алмұрт. Жүк Бельгия мемлекетінен жөнелтілген.

Тексеру барысында өнімнің Қазақстан аумағына фитосанитарлық сертификатсыз әкелінгені анықталған. Бұл құжат подкарантиндік өнімді мемлекеттік шекара арқылы өткізуде міндетті болып саналады.

Ведомство мәліметінше, өсімдіктер карантині саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына байланысты импорттаушыға әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ жүк партиясын экспорттаушы елге — Бельгияға қайтару туралы акт рәсімделді.

Ресми ақпаратты таратқан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитарлық талаптарды сақтау халықаралық саудадағы негізгі шарттардың бірі екенін атап өтті. Бұл талаптар ел аумағына қауіпті карантиндік нысандардың енуі мен таралуының алдын алуға бағытталған.

Материал авторы