SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орнатылған фототұзақ сирек кездесетін үнді жайрасының үш дарағын тіркеді.
Мамандардың мәліметінше, фототұзаққа түскен жануарлар — Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген үнді жайрасы. Ерекшелігі — жануарлар күндізгі уақытта объективке түскен. Бұл парк аумағындағы биомониторинг жұмыстарының тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Үнді жайрасы парктың батыс бөлігінде таралған және Қызыл кітаптың IV санатына жатады. Ол — Қазақстан фаунасындағы жайралар тұқымдасының жалғыз өкілі. Сондықтан бұл түрді сақтау — ерекше маңызға ие.
Жануарлар теңіз деңгейінен 1200–1700 метр биіктіктегі жапырақты орман белдеуін мекендейді. Қыс мезгілінде қар жамылғысы жұқа, өсімдігі қалың оңтүстік беткейлерді таңдайды. Үнді жайрасы жартасты шатқалдарда ін қазады немесе табиғи қуыс-жыраларды паналайды. Белсенділігі негізінен түнде байқалады.
Қорегі — өсімдіктер, тамырлар, түйнектер, жемістер мен тұқымдар. Көктемде көбейеді, қысқы ұйқыға кетпейді, алайда суық маусымда қозғалысы бәсеңдейді.
Мамандардың есебінше, ұлттық парк аумағында қазір небәрі 32 үнді жайрасы тіркелген.
RUS