Бибісара Асаубаева 12-әлем чемпионын жеңіп, ірі сенсация жасады
Жеңіс 2027 жылғы әлем чемпионатына жол ашуы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шахматшы Бибісара Асаубаева кезекті ірі жеңіске қол жеткізді. Ол әйелдер арасындағы шахматтан 12-әлем чемпионы атанған Александра Костенюкті тізе бүктірді.
Спортшының айтуынша, бұл жеңіс тек турнир нәтижесімен ғана шектелмейді. Ол 2027 жылы Вайссенхаус қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуға жолдама алуға мүмкіндік береді.
«12-әлем чемпионын жеңдім. Жеңіс әрдайым қуантады. Ал бұл нәтиже 2027 жылы Вайссенхауста өтетін келесі әлем чемпионатына қатысуға кепілдік берсе, оның мәні тіпті арта түседі. Өте жоғары деңгейде өткен турнир үшін алғыс айтамын. Келесі жылы осында қайта оралуды асыға күтемін», – деп жазды шахматшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетейік, Александра Костенюк – әлемдік шахматтағы ең танымал тұлғалардың бірі. Ол Ресейдің екі дүркін чемпионы (2005, 2016), Еуропа чемпионы (2004), Швейцарияның әйелдер арасындағы бірнеше дүркін чемпионы (2011–2015), сондай-ақ Швейцарияның ерлер арасындағы чемпионы (2013). Бұдан бөлек, ол 2021 жылы әйелдер арасындағы Әлем кубогын жеңіп алып, Фишер рандом шахматынан екі мәрте әлем чемпионы атанған.
Еске салайық, Бибісара Асаубаева бұған дейін шахматтан небәрі өз жасында-ақ үш дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстан шахматы тарихындағы ең табысты спортшылардың қатарына кірген.
Материал авторы