296

ҰҚК Нұрлан Сабыровтың «Вагнерге» көрсеткен көмегіне қатысты тексеру бастады

Әзілкеш Ресейдің жалдамалы әскері Вагнерге 10 мотоцикл сыйлаған.

ҰҚК Нұрлан Сабыровтың «Вагнерге» көрсеткен көмегіне қатысты тексеру бастады
Легион Вагнера Истра

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзілкеш Нұрлан Сабыровтың Ресейдің «Вагнер» жеке әскери компаниясы жауынгерлеріне мотоцикл бергені жөніндегі ақпаратқа байланысты тексеру жүргізіп жатыр.

Ведомствоның ресми жауабына сәйкес, Сабыров пен мотоциклдерге қатысты мән-жайлар тексеріліп жатыр. Алайда тергеудің мерзімі мен ықтимал процессуалдық шешімдер туралы нақты мәлімет берілмеді.

Бұған дейін әзілкештің Украинадағы соғысқа қатысып жүрген Вагнер құрылымына он мотоцикл тапсырғаны жөнінде ақпарат тараған болатын.

Қазіргі уақытта Нұрлан Сабыров Алматы қаласында жүргені әлеуметтік желілерде жарияланған кадрлардан байқалады.

Заңгер Бауыржан Онғаровтың пікірінше, егер шетел аумағындағы қарулы құрылымдарды материалдық қолдағаны дәлелденсе, әзілкешке Қылмыстық кодекстің «жалдамалылыққа жәрдемдесу» бабымен ауыр жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Ол бұл іс бойынша жаза 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде болуы ықтимал екенін айтты.

Заңгердің сөзінше, «Вагнер» ресми түрде жеке әскери компания саналса да, іс жүзінде жалдамалы құрылым ретінде бағаланады.

Ресейлік ақпарат құралдары бұған дейін «Вагнер» құрамынан бөлініп шыққан кей бөлімшелердің қазіргі таңда Ресей Қарулы күштері құрамына кіретінін жазған.

Айта кетейік, бұған дейін ресейлік медиада Нұрлан Сабыровқа Ресейге ұзақ мерзімге кіруге шектеу қойылғаны туралы ақпарат тараған. Кейін оның Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны да хабарланған еді. Ал бұл мәселеге қатысты әзілкештің өзі ресми түсініктеме бермеген.

Материал авторы