298

Атырауда жоғалған аңшының өліміне қатысты іс тоқтатылды

Полиция марқұмның өлімінен қылмыстық сипат таппағанын мәлімдеді.

Атырауда жоғалған аңшының өліміне қатысты іс тоқтатылды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий жағалауында аңшылық кезінде жоғалып, кейін өлі күйінде табылған 61 жастағы Өтебай Сабировтың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Бұл ақпаратты Атырау облыстық полиция департаменті растады. Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы прокуратура тарапынан бекітілген.

Тергеу дерегінше, 1964 жылы туған ер адамның мәйіті жоғалып кеткеннен кейін біраз уақыт өткен соң дала аумағынан табылған. Құқық қорғау органдары марқұмның өлімінен зорлық-зомбылық белгілерін анықтамаған.

Өтебай Сабиров 14 желтоқсанда Каспий теңізі жағалауында аңшылық кезінде хабар-ошарсыз кеткен. Сол күні ол тағы төрт ер адаммен бірге жолға шыққан. Туыстарына жолдаған бейнежазбасында бес аңшының үш жол талғамайтын көлікпен аттанғаны көрінеді. Алайда кері қарай төртеуі ғана оралған.

Сапарға қатысушылардың айтуынша, көліктің бірі істен шыққан сәтте Сабиров мылтығын алып, жалғыз өзі аң аулауға кеткен. Осыдан кейін ол қайта оралмаған.

Марқұмның жақындары бұл оқиғада сәйкессіздіктер көп екенін айтып, барлық мән-жайды жан-жақты тексеруді талап еткен.

Мәйіт табылған соң қылмыстық іс қозғалып, бірқатар сараптамалар тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілген.

Полицияның мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған.

Сонымен бірге жүргізілген сараптамалардың нақты қорытындылары мен өлімнің түпкілікті себебі ресми түрде жарияланған жоқ.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор