SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі Түркістан облысында снюс өндіру және таратуға қатысты ірі заңсыз желінің жолын кесті.
Ведомство мәліметінше, Түркістан облысы аумағында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында Келес ауданы мен Ордабасы ауданы аумағында орналасқан үш жасырын цех анықталып, толықтай жойылды.
Заңсыз өндіріс жалпы аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылған. Цехтарда күн сайын шамамен 20 адам жұмыс істеген. Тыйым салынған темекі өнімдері елдің барлық өңіріне жүйелі түрде жеткізіліп отырған.
Тексеру барысында заңсыз айналымнан:
– 1 млн-нан астам дайын өнім,
– 30 тонна темекі шикізаты,
– 2 млн қаптама пакеті,
– түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар,
– арнайы өндірістік жабдықтар тәркіленді.
Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 млн дана бір реттік снюс өндіруге жеткілікті болған. Сот санкциясымен заңсыз табыс есебінен сатып алынған екі автокөлікке тыйым салынды.
Қаржылық мониторинг агенттігі снюс құрамында никотин мен улы химиялық заттар бар екенін ескертеді. Бұл өнім ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдап, тез тәуелділікке әкеледі және жүрек-қантамыр аурулары мен улану қаупін айтарлықтай арттырады.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге деректері жария етілмейді.
RUS