Ресейде Telegram 1 сәуірден бастап толық бұғатталуы мүмкін
Ресей Telegram желісін ел бойынша бұғаттауға дайындалып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейлік БАҚ-та Telegram мессенджері 1 сәуірден бастап ел аумағында толық бұғатталуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Жарияланымдарда бұл шешімді Роскомнадзор қабылдауы ықтимал екені айтылған. Дереккөздерге сүйенген мәліметтерге сәйкес, мессенджерге бұрын Instagram мен Facebook сервисіне қолданылған шектеулерге ұқсас шаралар енгізілуі мүмкін.
БАҚ дерегінше, ықтимал бұғаттау жалпыұлттық сипатта болып, Ресей аумағының барлығын қамтуы ықтимал. Бұл жағдайда Telegram мобильді интернет арқылы да, стационарлық желілер арқылы да жұмысын тоқтатуы мүмкін екені көрсетілген.
Алайда Роскомнадзордың өзінде жаңа шектеулерді нақты мерзіммен енгізу жөнінде ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Ведомство тек Telegram-ға қатысты бұрын жарияланған ақпаратқа «қосарымыз жоқ» деп жауап берген.
Айта кету керек, Telegram бұған дейін де Ресейде түрлі шектеулерге тап болған. Соған қарамастан соңғы жылдары мессенджер ел аумағында жұмысын жалғастырып келді. Қазіргі сәтте реттеуші орган тарапынан нақты шешім ресми түрде жарияланған жоқ.
Материал авторы