282

«Шаршадым»: Санжар Боқаев елден кетті (ВИДЕО)

Қоғам белсендісі АҚШ-та жеке кәсіп бастайтынын айтты.

«Шаршадым»: Санжар Боқаев елден кетті (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қоғам белсендісі Санжар Боқаев Қазақстаннан кетіп, қазір АҚШ аумағында жеке бизнеспен айналысып жүр.

Белсендінің көп уақыт бойы көпшілікке көрінбей кетуі әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Ол үш айға жуық үзілістен кейін бейнежазба жариялап, не себепті қоғамдық кеңістіктен кеткенін түсіндірді.

Боқаевтың айтуынша, ол енді бұрынғыдай қоғамдық бақылау мен белсенділікпен айналыспайды.

«Менде бәрі жақсы. АҚШ-та жүрмін. Былтыр компания аштым, қазір бизнеспен айналысып жүрмін. Бір сәтте түптеп келгенде ешкімге ештеңе керек емес екенін түсіндім. Қанша алғыссыз қоғамдық жұмыс атқарамыз, қанша жемқорлық деректерін дәлелдейміз… Бірақ көргіміз келетін нәтиже жоқ. Мемлекетке де, қоғамға да керек болмаса, мұны көрсетудің мәні қандай? Тек проблеманы айтып жүретін негативтің көзі болу – мен енді қаламаймын. Шаршадым. Бұл – өзімді құрметтемеу. Бізде ешқандай өкілеттік жоқ. Ал адамдар біздің қоғамдық жұмысымыздан үлкен нәтиже күтеді. Ол болмайды, өйткені өкілеттік жоқ», – деді ол.

Соған қарамастан, Боқаев өз бастамалары мүлде нәтижесіз болды деген пікірмен келіспейді. Оның айтуынша, 2025 жылы жарияланған материалдарынан кейін бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы мен жалған өндірістерге қатысты істерді қоса алғанда, сегіз қылмыстық іс қозғалған.

Белсенді сонымен бірге Қазақстанда талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасына да сыни көзқарасын білдірді. Оның пікірінше, құжат қазіргі нұсқасында қабылданбауы тиіс.

«Өзін-өзі ұсыну құқығы шектеліп отыр. Жаңа нормаларға сәйкес, сайлауға тек саяси партиялар ұсынған кандидаттар ғана қатыса алады. Бұл депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігін әлсіретеді», – деді ол.

Боқаевтың сөзінше, бұл өзгерістер ең алдымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының қоғам алдындағы дербес жауапкершілігіне тікелей әсер етеді.

Ол азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырып, дауыс берудің ашықтығы мен дауыстардың «ұрланбауы» маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар белсенді елге қайта оралу жоспары бар екенін, алайда алдағы уақытта қоғамдық белсенділіктен гөрі жеке өмірі мен бизнесіне басымдық беретінін жеткізді.

«Мен қайтамын. Бірақ енді өз істеріммен және жіберіп алған өміріммен көбірек айналысқым келеді», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Санжар Боқаев Алматы қаласындағы жерасты өткелдерін жөндеуге жұмсалған шығындарды негізсіз деп бағалап, осы деректер бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор