206

Ақмола облысында үсіктен үш адамның аяқ-қолы кесілді

Қатты суық үш тұрғынды мүгедектікке әкелді.

Ақмола облысында үсіктен үш адамның аяқ-қолы кесілді
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында үсік салдарынан үш тұрғынның аяқ-қолы ампутацияланды. Өңірде биыл үсіктен зардап шеккендер саны — 21 адам.

Денсаулық сақтау саласының мәліметінше, суық тиюдің негізгі себептері — қатты аяз бен қолайсыз ауа райы жағдайында далада қалу, сондай-ақ жолда көліктің бұзылуы. Кейбір жағдайларда адамдар аязда мас күйінде ұйықтап қалған.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Смағұлованың айтуынша, дәрігерлердің жедел әрі жүйелі көмегінің арқасында 18 адам ампутациядан аман қалған.

«Жыл басынан бері өңірде үсіктен 21 адам медициналық көмекке жүгінді. Үшеуінің аяқ-қолын кесуге тура келді. Қалған 18 науқастың аяқ-қолын сақтап қалу мүмкін болды», – деді ол.

Медицина қызметкерлері әр науқас үшін соңына дейін күресетінін атап өтті. Дәрігерлердің айтуынша, үсіктің алдын алу — әр адамның өз жауапкершілігі.

Мамандар аязды күндері алкогольден бас тартуды, жолға шығар алдында көліктің жарамдылығын тексеруді және алғашқы белгілер пайда болған сәтте-ақ дәрігерге жүгінуді өмірлік маңызы бар қадамдар деп отыр.

Үсік кезінде негізгі ем шараларына қан айналымын жақсартатын дәрілер, инфузиялық ем, ауырсынуды басатын және қабынуға қарсы препараттар, қажет болған жағдайда антибиотиктер мен хирургиялық араласу кіреді.

Материал авторы