Маңғыстауда 3,1 млрд теңге айналымы бар заңсыз казино әшкере болды
Күдікті Грузиядан елге қайтарылып, PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 тәркіленді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында 3,1 млрд теңгеден астам қаржы айналымы бар заңсыз онлайн-казино схемасы әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Рантик Бахтияр Оглыға қатысты тергеу жүргізуде. Ол күдікке ілінген — жасырын ойын платформасын құру және басқару бойынша.
Тергеу деректеріне қарағанда, “bingo37.pro” интернет-ресурсы арқылы мыңнан астам ойынға қолжетімділік берілген, оның ішінде танымал “Crazy Monkey”, “Keno”, “Euro Game” және басқалары бар. Клиенттерді тарту Telegram және WhatsApp мессенджерлері арқылы жүргізілген. Потенциалды ойыншыларға жарнамалық хабарламалар, фото және бейнематериалдар, акциялар мен бонустар туралы ұсыныстар жіберіліп, жеңіл және тез табысқа жетуге болатын иллюзия жасалған.
Ақша аударылған соң, пайдаланушыларға ойын платформасына кіру үшін логин мен парольдер берілген.
“Ойыншылардан түскен қаражатты қабылдау және қаржылық ағындарды жасыру үшін күдіктінің Грузия және Тәжікстан азаматтарын дроппер ретінде тартқаны анықталды. Олар Қазақстанға арнайы банктік шоттар мен абоненттік нөмірлерді тіркеуге келіп, кейіннен қолжетімділікті ұйымдастырушыға берген. Нәтижесінде тіркелген шоттар арқылы 3,1 млрд теңгеден астам қаржы түсті. 2025 жылғы тамызда Бахтияр Оглы Р. халықаралық іздеуде жарияланды, сот арқылы “қамауда ұстау” шарасы бекітілді. 2026 жылғы қаңтарда Грузиядан ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды”, – деп хабарлады ҚМА баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, күдіктінің үшінші тұлғалар атына рәсімделген PORSCHE CAYENNE және LEXUS GX 460 автокөліктерін тергеу кезінде тәркілеу рәсімі басталған. Сот шешімімен автокөліктер мемлекет кірісіне алынған.
Тергеу жалғасуда. Қосымша ақпарат Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Материал авторы