Алматыда түнде ер адамды итімен бірге көлік қағып кетті (ВИДЕО)
Полиция жүргізушінің мас болғанын растады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда түнгі уақытта ер адамды итімен бірге көлік қағып кеткен. Оқиға бойынша жүргізушінің мас күйде болғаны анықталып отыр.
Жол-көлік оқиғасы қаланың Рысқұлов даңғылы бойында болған. Кадрлардан жол жиегімен келе жатқан ер адам мен итті жеңіл көліктің соғып кеткені көрінеді.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жүргізушінің Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты қызметкері екені және оқиға сәтінде демалыс күнінде болғаны туралы бейресми мәлімет айтылған.
Алайда бұл ақпаратты ресми органдар растаған жоқ.
Оқиғаға қатысты ресми мәліметті Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады. Полицияның дерегінше, жол-көлік оқиғасы 17 ақпан күні таңғы сағат 04:10 шамасында Алатау ауданында болған.
Жүргізуші Hyundai маркалы көлікпен Рысқұлов даңғылы арқылы шығыс бағытта қозғалып келе жатып, жол бөлігінде тұрған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан ер адам түрлі дене жарақатымен қалалық ауруханалардың біріне жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік жүргізушісі мас күйде болған. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр.
Материал авторы