414

Қазақстанда жаңа тәртіп: сіздің лотерея сатып алуыңызға тыйым салынбақ

«Сәтті Жұлдыздың» сәулесі сөне ме?

Қазақстанда жаңа тәртіп: сіздің лотерея сатып алуыңызға тыйым салынбақ
SMARTNEWS.KZ коллажы

Егер ертең әлдебіреу оңай ақша табу үшін елордадағы жертөледе онлайн-казино ашса не болар еді? Онда көп ұзамай оған мұздай қаруланған арнайы жасақ сау ете қалары сөзсіз.

Қылмыстық кодекстің 307-бабына сәйкес, заңсыз ойын мекемесін ашу немесе ұстау, заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жай ұсыну, сондай-ақ заңмен белгіленбеген орындарда құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу, электронды және интернет-казино қызметін жолға қою – мүлкі тәркілене отырып, қылмысының ауырлығына қарай екі жылдан жеті жылға дейін абақтыға жабумен жазаланады.

Логика темірдей: заңсыз ойын бизнесі — қылмыс! Алайда, осыдан екі жыл бұрынғы оқиғалар бұл логиканың лотереяға тірелгенде, шыдас бере алмай, қалай құбылатынын көрсетті. Сонда республика бойынша елді дүрліктірген кең ауқымды арнайы операция жүргізіліп, нәтижесінде ұлттық лотерея операторының лото-клубтары жабылды.

Нақтылағанда, 2024 жылғы 13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея атын жамылған заңсыз онлайн-казино желісін жойды.

Жезөкшелердің интимдік қызметі ұсынылған, қару-жарақ және есірткітабылған. Қысқасы, қалпымен былыққа батқан 326 лото-клуб жаппай жабылды. Бұл туралы сол кезде маманданған polisia.kz порталы мәлімдеді. Оның дерегінше, арнайы операцияға ІІМ мен ҰҚК-нің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

«Жедел әзірлеме орбитасында криминалитет өкілдері де болды. Олар ойын мекемелеріне қылмыстық ықпал және қамқорлық еткен, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмысжасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден аса адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған 8 адам ұсталды, ішінде алыс және жақын шетел азаматтары бар», деген еді сонда ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басқармасының бастығы Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото-клубтарға 570 тінту жүргізілді. 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн Ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото-клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңгені құрайтыны анықталды. Елдің барлық өңірінен шамамен 6 млрд теңге тапқан. Бұл ретте ақша қаражатының шамамен 70% шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын 900 млн теңге түсіп тұрған. Бұл енді мемлекеттік бюджеттің емес, жеке қалтаның «сәтті жұлдызы» жанғанын аңғартса керек.

Мұны естіп, халық тамсанды, жас баладай қуана қол соқты. Тергеубірнеше бап бойынша жүргізді. Фигуранттарға ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу айыбы тағылды. Басқа мәліметтер тергеу мақсатында жариялауға жатпады...

Сол жылы Парламент ойын бизнесі туралы заңға түзетулер қабылдап, бұл лото-клубтардың жұмысына тыйым салуға мүмкіндік берді.

Ребрендинг пе, әлде реинкарнация ма?

Алайда кейінірек, 2025 жылы «Бірінші канал Еуразия» телеарнасы қылмыстық істің жабылғанын хабарлады. Оны аз десеңіз, телеарнаның мәліметінше, бұрынғы лото-клубтардың ғимараттарында «антикафелер» ашылып, адамдар қайтадан құмар ойындарға ақша тігуді жалғастырған.

Осындай ұйымның сайтында «электронды әмияндарды толықтыру, ұтысты қолма-қол ақшамен алу немесе картаға аудару» қызметтері ұсынылатыны қолмен қойғандай жазылған.

«Қылмыстық іс жабылды, артынша көптеген қалада бұрынғы лото-клубтардың есігі қайтадан айқара ашылды. Бірақ маңдайшасы өзгерген, антикафеміз дейді. Ең кең таралғаны «Лофтпарк» деген атаумен белгілі. Келген клиенттер болған уақытына ақы төлейді және онда ұсынылған кез келген ойынды ойнай алады», - дейді журналист Ілияс Рамазанов.

Ол елімізде желісі кең таралған әлгі антикафенің басқарушы компаниясына қоңырау шалып, хабарласа алмағанын жеткізді. Содан клиент атын жамылып, антикафеге өзі барыпты.

«Бұл орында казиноға тән айла-тәсілдер сақталған: зал қараңғыландырылған, терезе жоқ. Сыртта күн бе, түн бе, білмей, делқұлы болып отыра бересіз. Лото-клубқа қарағанда ойын ассортименті өзгерген. 5 онлайн ойын қалыпты. Оның бәрі лотоға ұқсас. Бірі рулетка үстелін еске салады», деді Ілияс Рамазанов.

Құмар ойындар саласын реттеуге жауапты Туризм және спорт министрлігі мұндай «антикафелер» туралы хабардар екен. Белгілі болғандай, олар елдегі ресми әрі жалғыз лотерея операторымен тікелей байланысты емес компанияға қарайды.

Бұл жердегі иронияның ең биік шыңы — ресми органның уәжі.

«Бұл антикафелер интернетке қолжетімділікті ұсынады. Келуші клиенттер сол арқылы интернетке кіріп, «Сәтті Жұлдыз» атты Қазақстандағы ресми лотерея операторының ресурсына өзі өтіп, содан билеттерді өзі сатып алады. Қарапайым тілмен айтқанда, антикафе компьютерлік клуб сияқты жұмыс істейді», – деп түсіндірді журналистерге Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті басқармасының басшысы Әбдел Балтатегі.

Қараңғы зал, сағатсыз қабырға, терезесіз бөлме және рулетканы еске түсіретін интерфейс — мұның бәрі «интеллектуалды демалыс», отбасымен тынығу ретінде ұсынылып отыр.

Ұлттық лотерея операторын шенеуніктер мен депутаттар «спорттың тірегі, демеушісі» деп дәріптеп жүр. Бірақ елдегі 500 мыңдай ойынқұмар үшін бұл – заңды есірткі іспетті. «Бақыт билетін» суыру үмітінен басталатын қауіпті жол кейде адамның бар болмыс-тұлғасын жойып, сағымдай арманға бола тағдырын құрдымға жетелейді.

Лотерея лимиті лудоманияны емдей ме?

Енді осы салада тәртіп орнатудың тағы бір «талпынысы» жасалуда. Туризм және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Ол арқылы қолданыстағы «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңының12-1-бабының 6-тармағын толықтырмақ.

Түзетулерге сәйкес, Қазақстанда бір адамның сатып ала алатын лотерея билеттерінің санына лимит енгізу ұсынылады. Алайда бұл шектеу тек «лезде ойнатылатын электронды билеттерге» қатысты болатын көрінеді. Басқа лотерея түрлеріне ешқандай шектеу ұсынылмаған. Неге?

Министрліктің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамада бір қатысушыға сатылатын «лезде ойнатылатын электронды лотерея билеттерінің шекті саны» регламенттелмеген.

«Бұл ретте шамадан тыс қатысуды тежеу тетіктері жоқ. Мұның соңы адамдардың әлеуметтік мінез-құлқы проблемаларына, соның ішінде лудоманияның өршуіне ықпал етуде. Электронды лездік лотереялар ұтысының жылдамдығымен ерекшеленеді. Бағасы арзандау болғандықтан қолжетімді әрі саудасы импульсивті сипатта. Бұл қатысушыларды қысқа уақыт ішінде көп мөлшерде билет сатып алуға итермелейді», деп хабарлады министрлік мамандары.

Осыған байланысты азаматтардың электронды лездік лотереяларға шектен тыс тартылуын азайту мақсатында белгілі бір уақыт аралығында бір адамға сатылатын билеттер санына нақты шектеу қою көзделуде. Министрлік өкілдерінің сендіруінше, «Сәтті Жұлдыз» операторының мұндай шектеу қоятын техникалық мүмкіндігі бар.

Алайда бір адам бір сағатта немесе бір күнде қанша электронды билет сатып ала алатынын депутаттар шешпек.

Дегенмен, тіпті депутаттардың өз арасында 2026 жылғы 15 наурызда өтетін референдумнан кейін қос палаталы Парламент таратылуы немесе өзін-өзі таратуы мүмкін деген қауесет гулеп жүр. Осыған байланысты кейбір сарапшы бұл бірыңғай операторды шідерлеуге бағытталған жаңа бастаманы қазіргі депутаттық корпус заң жүзіндеқабылдап үлгермеуі ықтимал деп санайды.

Ондай жағдайда лездік лотереялар ары қарай да ұзақ уақыт сатыла бермек. Бір палаталы Құрылтай іске кірісіп, заң қабылдағанша, қазақстандықтар жаппай лудоман болып кетпей ме деген қауіп бар.

Спорт министрлігі электронды лотереяларды оператордың алып қазанынан «шөміштеп емес, қасықтап» сатуды ғана ұсынып отыр. Мұндай жартыкеш шара (егер зиян болса, неге толық тыйым салмайды?) «заңды есірткіге» айналған кеселдің тамырына балта шаба ала ма, әлде кезекті көзбояушылық па?

«Сәтті Жұлдыз» енді сізге «жетті, бауырым, бүгінгі нәсібің осы» деп басу айтуға тиіс. Бірақ лимит лудоманның тәбетін тежей алмаса, оныңбасқа аккаунттардан сатып алуға кіріспесіне кім кепіл? Жаңа заң тек «заңдастырылған құмар ойынды» сәл мәдениеттірек етіп көрсетудің амалы болып қалмай ма? Сұрақ көп, жауап беруге, ойнап емес, нақты, тегеурінді тыйым салуға депутаттар асығар емес.

Мемлекет спортты қолдау үшін лотереяны насихаттайды, бірақ сол спортқа барады дейтін жастардың тағдыры шынында «антикафелердің» қараңғы залында күйіп жатқандай.

Материал авторы