SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысы аумағында орналасқан зираттағы дау бірнеше айдан бері шешілмей келеді. Қарағанды облысында бір қабірге қатысты дау сотқа жетті. Марқұмдар әртүрлі күндері жерленгенімен, кейін бір қабірдің үстіне өзге адамның қоршауы мен құлпытасы қойылғаны анықталған. Даулы жағдай Информбюро бағдарламасында көрсетілді.
Қарағанды қаласының тұрғыны Айгүл Жамиленованың айтуынша, анасы 2024 жылдың қараша айында Бұқар жырау ауданы құрамындағы Құрылыс ауылындағы мұсылман зиратына жерленген. Қабір орнын зират қараушысы әрі жеке кәсіпкер көрсетіп, жер қазу және абаттандыру жұмыстары үшін 160 мың теңге алған.
Алайда жаз мезгілінде марқұмның басына мазар тұрғызуға барған кезде, отбасы өздері жерлеген орынның үстінде бөтен адамның қоршауы мен аты-жөні жазылған құлпытас тұрғанын көрген.
«Қабірді қазған адамға хабарластым. Ол келіп, бұл біздің қабір емес, қателескенсіздер деді. Оның айтуынша, бұл жерге досы өз туысын жерлеп, қабірді өзі қазып берген екен», – дейді Айгүл Жамиленова.
Әйел қоршауды алып тастауды талап еткен. Алайда екінші тарап бұл жерде өз туысы жерленгенін айтып, талапты орындаудан бас тартқан.
Айгүл Жамиленова полицияға арызданғанымен, қылмыстық іс тіркелмеген. Кейін ол Бұқар жырау аудандық соты арқылы қоршауды алып тастау және эксгумация жүргізу туралы талап арыз берген. Бірақ сот бұл талаптарды қанағаттандырмады.
Зираттағы жұмыстарды атқарған жеке кәсіпкер Амангелді Жүнісов бір қабірде екі адамның жатуы мүмкін емес екенін айтады.
«Меніңше, тараптардың бірі қабір орнын шатастырып алған. Өкінішке қарай, бұл зиратта ресми әкімші де, нақты есеп те жоқ», – дейді ол.
Ал марқұмның қызы мұндай уәжбен келіспейді. Оның айтуынша, анасының жерлеуіне шамамен 40 адам қатысқан, сондықтан қабірдің орнын бүкіл отбасының бірдей ұмытып қалуы мүмкін емес.
Айгүлдің қорғаушысы, адвокат Бауыржан Ізделеуов сот шешіміне апелляциялық шағым берілгенін мәлімдеді.
«Сот эксгумация түріндегі сот-медициналық сараптама тағайындаудан бас тартты. Ал дәл осы сараптама даулы жерде нақты кім жерленгенін анықтайтын басты дәлел болар еді», – дейді адвокат.
Айгүл Жамиленованың сөзінше, егер бөгде адамның ескерткіші сол жерде қалатын болса, анасының басына барып құран бағыштайтын орны болмайды.
«Анам дәл сол жерде жерленгеніне сенімдімін. Егер басқа адамның ескерткіші қалса, анамның басына барып зиярат ететін жерім қалмайды», – дейді ол.
Егер апелляциялық сот бірінші сатыдағы шешімді күшінде қалдырса, қорғаушы қылмыстық іс қозғау туралы өтінішті қайта жолдап, қажет болған жағдайда прокуратураға жүгінетінін айтты.
RUS