Қостанайда Lexus мінген полицей парамен ұсталды
Шулы оқиғадан кейін қызметке оралған полицей қайтадан күдіктілер қатарында.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда шулы оқиғадан кейін қызметіне қайта оралған полиция қызметкері ірі көлемде пара берді деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы HALYQSTAN жазды.
Ресми мәліметтерге сәйкес, полицей Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының бастығы орынбасарына тыңдаушылардан емтиханды сәтті тапсыру үшін жиналған ондаған мың доллар көлеміндегі қаражатты апарып беруге тырысқан кезде қолға түскен. Қазіргі таңда күдіктілердің екеуі де қамауға алынған.
Еске салсақ, 2025 жылдың басында Lexus LX 600 көлігінің жүргізушісі мен патрульдік полиция қызметкерлері арасында дау шыққан. Жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін өзін тоқтатқан полицейлерге ауыр сөздер айтып, полициядағы тәжірибесін алға тартқан еді. Кейін бұл азамат Қостанай академиясының магистратурасында оқитыны белгілі болды.
Оқиғадан кейін жүргізілген қызметтік тексеріс күдіктіні құқық қорғау органының беделіне нұқсан келтіргені үшін оқудан шығарып, жұмыстан босатуға негіз болған. Алайда ол сотқа шағым түсіріп, тексерістің заңсыз өткенін, капитанның еңбекке жарамсыздық парағы ескерілмегенін, өзін қорғау құқығы берілмегенін дәлелдеді.
Сонымен қатар, видеожазбада монтаж белгілері бар деген тұжырымға келіп, бұйрықтар күшін жойды. Нәтижесінде күдікті полиция қызметіне қайта оралып, бос жүрген уақыты үшін 631 417 теңге өтемақы алды.
Материал авторы