«Ол – түп-тамырымен қазақ»: хореограф Шайдоровтың жеңісіне Ресейдің қатысы жоғын айтты
Хореограф Шайдоровтың табысын өзге елмен байланыстыруды орынсыз деді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровдың Олимпиададағы жеңісін Ресеймен байланыстыру орынсыз. Оны спортшының хореографы Иван Ригини ашық айтты.
Шайдоровпен бірге жұмыс істейтін маман журналистердің «Ресей бұл табысқа белгілі бір деңгейде үлес қосты» деген пікіріне келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, спортшының жетістігін өзге елге телу – шындыққа жанаспайды.
«Бұлай айту дұрыс емес деп ойлаймын. Ресейдің оның жеңісіне қуанып жатқаны – қалыпты жағдай, бірақ Миша – түп-тамырымен қазақ. Ол да дәл осылай жауап берер еді. Ал ресейлік жанкүйерлердің эмоциясы мәнерлеп сырғанаудың жанкүйерлері қандай керемет екенін көрсетеді. Мысалы, Илья Малинин үшін де көп адам жанкүйер, бірақ ол өмір бойы АҚШ-та тұрған», – деді хореограф.
Еске салайық, Михаил Шайдоров 2026 жылы Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында алтын медаль иеленді. Италияда өткен додада тарихи жеңіске жеткен спортшы кейін «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапатталып, қомақты қаржылай сыйақы алатыны хабарланған.
Материал авторы