Түркістанда білім бөлімінің қызметкерлері 583 млн теңгені «өлі жандар» арқылы жымқырған
Қаражат туыстар мен таныстардың есепшоттары арқылы шығарылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысы бойынша білім саласындағы ірі жемқорлық ісіне нүкте қойылды.
Бәйдібек ауданы білім бөліміне қатысты қылмыстық істі тергеген Қаржылық мониторинг агенттігіқызметкерлері бюджет қаржысын жүйелі түрде жымқыру фактілерін әшкереледі.
Тергеу материалдарына сәйкес, бөлімнің басшылары, бухгалтерлері мен экономистерінен құралған 18 лауазымды тұлға ұзақ уақыт бойы 49 мектепке қатысты қаржылық құжаттарды әдейі бұрмалап келген.
Электронды жүйелерге жалған мәліметтер енгізіліп, жалақы төлеу тізімдеріне білім беру ұйымдарында іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдар «қызметкер» ретінде тіркелген. Кей жағдайда нақты қызметкерлердің еңбекақысы мен үстемақылары қолдан өсірілген.
Заңсыз операцияларды «заңды» етіп көрсету үшін қызметтік жазбалар, бұйрықтар, есептік ведомостер мен жұмыс уақыты табельдері қолдан жасалған. Құжаттардың бір бөлігі кейіннен, төлемдер жүргізіліп қойған соң түзетілген.
Жымқырылған қаржы алдын ала келісілген «делдал» адамдардың, оның ішінде схемаға қатысушылардың туыстары мен таныстарының банк есепшоттарына аударылып, кейін фигуранттар арасында бөлінген.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 583 миллион теңгеден асты.
Тергеу барысында келтірілген залал толық өтелген.
Сот 14 адамды кінәлі деп танып, оларды 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Тағы төрт адамға қатысты қылмыстық қудалау амнистияға байланысты тоқтатылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Материал авторы