Бұрынғы баспасөз хатшысы тұтас облысты алға бастыра алды ма?
Абай облысындағы арман мен ақпар сайысы.
Ұлылар мекені – Абай облысының қайта түлеуіне тілекші болмаған қазақ кемде-кем. Алайда, тарихтың тегершігі саяси шешіммен айналғанымен, экономиканың арбасы тек мадақпен алға баспайтыны тағы анық.
Тоңды еріткен тамаша әкім
Кейінгі күндері мемлекеттік тапсырыспен тыныстайтын басылымдар мен кейбір «сарапшысымақтар» Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы, Абай облысының қазіргі әкімі Берік Уәлиді аяқ-қолын жерге тигізбей, жан-жақты дәріптеп, еңбегін асыра мақтауға асықты. Оларға сенсек, жаңа әкімнің біліктілігі мен мықтылығы сонша, Ресеймен шекарадағы еліміздің ең бір шағын облысы оның тақиясына тарлық ететіндей.
Мадақ айтуға сылтау бар: Берік Уәлидің Абай облысына әкім болып тағайындалғанына бір жыл толды. Ол өңірдің тізгінін 2025 жылғы 17 ақпандағы ақырған аязда қолға алған еді.
Бұл өңір – Президенттің төл перзентіндей. Себебі небәрі 10 аудан мен облыстық маңызы бар 2 қаладан тұратын, әкімшілік орталығы Семейде орналасқан шағын ғана облыс тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылғы 8 маусымда құрылған болатын. Сондықтан да ол белгілі бір деңгейде Президенттің саяси мұрасы саналады.
Басылымдардың бірі осыған орай жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, негізінен оң пікірлерді жариялаған. «Жолдар жөнделіп жатыр, қала тазарды. Әкім өз жұмысын жақсы атқарып жатыр. Ісіне береке берсін. Көп нысандар салынып жатыр. Семейіміз көркейіп келеді», – дейді тұрғындардың бірі.
Бір интернет-басылым Берік Уәлидің Абай облысының әкімі болып тағайындалуын «жаңа үміттің, жаңа дәуірдің басы» деп айтып жіберіпті.
«Семей қаласы облыстың даму жүрегіне айналды. Апта сайын арнайы кеңестер өтіп, қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымдық дамуы жеке бақылауға алынды. Smart City цифрлық жобасы іске қосылып, қала көшелері, көпірлер мен айналма жолдар толық жөндеуден өтті. Ұзаққа созылған «Қалбатау – Майқапшағай» тас жолының құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында «Туған жерге туыңды тік» атты форум өтті. Нәтижесінде бес жұлдызды PANA қонақ үйі мен Tary&Sandyq мейрамханалар желісі ашылып, өндірістік аймақта чиптер мен электр жабдықтарын шығаратын зауыт, Шақаман ауылында ет комбинатының құрылысы басталды», - деп бір жылдықты жарқын сөздермен сипаттады Ertenmedia.kz.
Астананың «ақыл-кеңесі» мен Президент сыны
Бірақ бұл – шенеуніктердің кеудесінде жылтыраған медальдың бір жағы. Медальдің екінші беті азырақ күңгірт. Сарапшылардың пікірінше, Абай облысының басшылығына қатысты Астанада көңіл толмастық қордаланып, ызғары сезіледі. Кейінгі кезде Үкіметтен, Парламенттен, құзырлы органдардан Абай облысына қатысты түрлі сын айтылып жүр.
Соның аясында Президенттің қатаң сыны ашық күнде күн күркірегендей әсер берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы облысқа сын садағын қадады.
«Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар. Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар. Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай облысында инфрақұрылым жеткіліксіз!», - дей келе, Қ.Тоқаев бұл аймақтың дамуына айрықша назар аудару қажет болатынын ескертті. Мұның нені білдіретіні әзірге жұмбақ.
Осының алдында, былтыр Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарына шағымданып, ауыл шаруашылығына бағытталған мемлекет қаражатының талан-тараж болатынын өкіне жеткізді. Ол да мысалға осы өңірді келтірді.
«Ең ірі бұзушылықтарды біз тергеу органдарына жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Мысалы, Абай облысында екі кәсіпорын сатып алынбаған ауыл шаруашылығы техникасына 131 миллион теңге субсидия ала алған, яғни, орталыққа жалған ақпарат берген. Біз Ауыл шаруашылығы министрлігінің жергілікті жердегі ауыл шаруашылығы басқармаларындағы жауапты тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарттық», - деді ЖАП төрағасы. Ол шенеуніктер қазіргі командада жоқ көрінеді.
«Арнапресс» зейнеткерлерге тегін жол жүрудің тоқтатылуына байланысты тұрғындардың наразылығын жазған еді.
«Мен өзім зейнеткермін. Зейнетақым 100 мың теңге еді, жол жүру тегін болатын. Қазір алып тастады», – деген жергілікті тұрғынның сөзін келтіреді басылым.
Өз кезегінде мемлекеттік аудиторлар тек өз тексерулерінен кейін ғана Абай облысында әлеуметтік маңызы бар ауданаралық автобус қатынастары субсидиялана бастағанын хабарлады. Тексеру барысында мәслихат ресми бекіткеніне қарамастан, әкімдік тарапынан ауданаралық автобус бағыттарындағы тасымалдаушылардың шығындарын өтеуге арналған қаражаттың бөлінбегені анықталған.
Осыған байланысты ЖАП Абай облысының әкіміне жолаушылар тасымалын үздіксіз қамтамасыз ету үшін ауданаралық бағыттарды субсидиялауға қаржы табуды тапсырды. Соның нәтижесінде 2025 жылға арналған бюджетте бұл мақсатқа 162 млн теңге бөлінді.
Тасымалдаушылармен тиісті субсидиялау шарттары жасалды. Қазіргі уақытта көлік қозғалысы қалыпты режимде жүзеге асырылуда. Жергілікті шенеуніктер өзі білуге тиіс шаруаны тек сырттан айтылған ескертуден кейін ғана орындаса, бұл басқарушылық әлеуеттің қай деңгейде екенін көрсетпей ме?
Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, сапасыз жобалық-сметалық құжаттама және әкімдік тарапынан тиісті шаралардың қабылданбауы салдарынан Абай облысында 60 бюджеттік инвестициялық жоба іске аспай қалған.
«Жекелеген салалардағы оң нәтижелерге қарамастан, мемлекеттік аудит бірқатар жүйелі кемшіліктер мен заңбұзушылықтарды анықтады. Жергілікті атқарушы органдардың пәрменді шаралар қабылдамауы, жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі және мердігерлермен сот дауларының салдарынан 218 жобаның 60-ы пайдалануға берілмеген. Олардың қатарында тұрғын үй, жылу, электр және сумен жабдықтау нысандары бар», – деп нықтады палата.
Сондай-ақ 28 құрылыс нысанында және меморгандар ғимараттарын жөндеу барысында орындалмаған жұмыстар үшін мердігер ұйымдарға 2 миллиард теңгеден аса қаражат негізсіз аударыла салыныпты.
Рас, бұл жағдайлар Уәлидің әкім болып тағайындалуына дейін орын алған. Сонымен қатар, 2023 жылы Семей қаласының жолаушылар көлігі бөлімі қалалық және қала маңындағы бағыттар бойынша тарифтерді дұрыс айқындамау салдарынан тасымалдаушыларға 1,3 млрд теңге көлемінде субсидияны негізсіз төлеген.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға елеулі қаржы – 36,9 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 81,9%-дан 78,7%-ға дейін төмендеген.
Ресми статистика – ең қатал төреші
Ең өкініштісі – демографиялық ахуал. Ұлттық статистика бюросы жаңа құрылған Абай облысында 2025 жылы ахуалдың жақсы болмағанын меңзеді. Мәселен, өңір тұрғындарының басқа аймақтарға жаппай көшуі байқалады. Өңірдегі өмір жайлы болса, Абай өлкесінен халықтың ауып несі бар дегендей.
«2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында Абай облысында көші-қон сальдосы теріс мәнде болды – минус 9 886 адам (2024 жылдың қаңтар–қарашасында – минус 8 788). Бұл өзіндік антирекорд. Оның ішінде шетелге көшкендер саны 30 адамға өсті. Ішкі көші-қон бойынша 9 856 адам өңірден кеткен (2024 жылы – минус 8 352)», - делінген статбюро дерегінде.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс халқының саны 595,7 мың адамды құрады: оның 374,5 мыңы (62,9%) – қалалық, 221,2 мыңы (37,1%) – ауылдық тұрғындар.
2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында табиғи өсім небары 2 730 адам болды. 2024 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе азайып кетті(алдыңғы жылы 4 081 адам болған еді).
Өткен жылы туу көрсеткіші де күрт құлдырады. 2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында облыста 8 105 сәби ғана дүниеге келген – бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 14,9%-ға аз! Бұл шекарадағы өңір жалаңаштанып қалуда деген сөз.
Өңір экономикасының жағдайы нешік?
Ресми статистиканың өзі облыста белгілі бір тоқырау барын, көп салада өсім жоғын немесе тым мардымсыз екенін аңғартады. 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсті. Ал, Абай облысының экономикасы бұдан 4 еседен аса кем қарқынмен дамыды.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыстың жалпы өңірлік өнімі ағымдағы бағамен 2 трлн 385,7 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты өсім небәрі 1,5%!
Салыстыру үшін: тау-кен секторындағы көшбасшы «KAZ Minerals» өткен жылы 2 трлн теңгеге дейін табыс тапқан. Яғни тұтас облыстың табысы жаһандық емес-ау, жергілікті бір ғана компанияның кірісінен сәл ғана артық.
2026 жылдың қаңтарында 2025 жылдың қаңтарымен салыстырғанда тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 100% деңгейінде қалған (өсім жоқ). Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс 27,1%-ға артқан, электр энергиясы, газ, бу және ыстық су өндіру мен жабдықтауда 1,3%-ға өскен, ал сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау мен өңдеу және ластануды жою қызметі 100% деңгейінде.
Көптеген салаларда көрсеткіштер нөлдік деңгейде немесе 2024 жылдың деңгейіне жетпейді. Рецессия белгілері байқалады.
Мәселен, 2026 жылдың қаңтарында құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд 647,8 млн теңгені құрап, 2025 жылмен салыстырғанда 94,5% ғана болған (яғни 5,5%-ға төмен).
2026 жылдың қаңтарында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы бірден 58,5%-ға құлдырап, 3,8 мың шаршы метрді ғана құрады. Оның 95,4%-ы көппәтерлі үйлердің үлесіне тиесілі (0,4 мың шаршы метр).
Өңірде өнеркәсіп өнімін заттай көрсеткішпен алғанда да жыл басындағы деректер көңіл көншітпейді. Ұлттық статистика бюросы жаңа әкіммен ере келген «жаңа дәуірдің» шежіресін жазып жатқандай.
ҰСБ хабарлауынша, Абай облысында 2026 жылдың қаңтарында өнеркәсіптік өндіріс индексі мынадай болды (өсім):
– табиғи құм өндірісі – минус 77%;
– пластмассадан жасалған есік-терезе және олардың бөлшектері – минус 52%
– тас түйіршіктері, қиыршық тас, шағал – минус 41,9%;
– астық дақылдарынан тартылған ұн – минус 16,8%;
– алтын концентраттары – минус 13,4%;
– саз және каолин – минус 7,3%;
– мыс концентратындағы мыс – минус 4,7%;
– құрамында алтыны бар кендер – минус 1,3%;
– тас көмір, оның ішінде лигнит пен көмір концентраты – +0,7%;
– мәрмәр және әктас (құрылысқа, әрлеуге арналған) – 0%;
– гранит, құмтас және өзге де құрылыс тастары – 0%;
– әктас пен гипс – 0%;
– ет және тағамдық қосалқы өнімдер – 0%;
– ірі қара, шошқа, қой, ешкі, жылқы еті (балғын немесе салқындатылған) – 0%;
– ет-сүйек ұны – 0%;
– балық (жаңа, салқындатылған немесе мұздатылған) – 0%;
– өңделген немесе консервіленген балық, уылдырық – 0%;
– ірімшік пен сүзбе – 0%;
– өзге сүт өнімдері – 0%;
– йогурт, ашытылған сүт пен кілегей – 0%;
– қымыз – 0%;
– балмұздақ және тағамдық мұз – 0% және тағы солай кете береді.
Әрине, салмақты өсімге ие салалар да бар, бірақ олардың сапы тым сирек. Бір жыл – әкімнің қызметін толық бағалауға жеткіліксіз мерзім болуы мүмкін. Дегенмен, Уәлидің командасы әп дегеннен басқарушылық әлеуетін жарқырата көрсетуге тиіс еді. Өйткені солтүстігінде Ресеймен, оңтүстік-шығысында Қытаймен шектесетін қазақстандық өңірдегі ахуал тек қоғамды ғана емес, билік басындағы тұлғаларды да алаңдата бастағаны байқалады.
Баспасөз хатшысының міндеті – ақпаратты әдемі жеткізу еді. Ал әкімнің міндеті – статистиканы әдемілеу емес, халықтың тұрмысын түзеу. Абай елі «жаңа дәуірдің» жалаң мақтауын емес, нақты істің берекесін күтеді.
Материал авторы