Шыңғыс Мұқан Binom мектебі баспаның кітаптарын көшіріп, WhatsApp-та таратқанын айтты
Баспагер кітап шығару ісінің қиындығын еске салып, кітаптардың заңсыз көшірілуіне қарсы шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шыңғыс Мұқан Facebook парақшасында мектептің кітаптарды электрондық нұсқаға айналдырып, оқушылардың WhatsApp топтарына тарататынын жазды.
Ол мұны интеллектуалдық меншік құқықтарының бұзылуы деп бағалап, жас баспалардың жағдайы қиын екенін атап өтті:
«Mazmundama күнін әрең көріп отыр. Сөйтсем біз ғана емес, қазақтың біраз жас баспасы хәл үстінде екен. Басты себебі кітаптар аз өтіп жатыр. Есесіне контрафакт көбейіп кетті. Кітаптарымызды базарларда көшіріп сатып жатыр. “500 кітаптың электрондық нұсқасын 500 теңгеге сатам” деген жарнама телеграмда өріп жүр. Оған қоса, мектептер де көшіріп таратып жатыр.
Мәселен, Айдын Рахимбаев салған Астанадағы Binom кітаптарды заңсыз электрондық нұсқаға айналдырып, оқушылардың уатсап топтарына тастайды. Оқушылардың оқығаны жақсы, бірақ интеллектуалдық құқықты осылай белден басып оқыса, біздер жабылып қаламыз. Балалар сосын не оқиды?!», – деді басшы.
Аталған жазбаға Айдын Рахимбаев тікелей жауап бермеді. Дегенмен, BINOM SCHOOL әкімшілігі ресми түсініктеме берді.
Мектеп әкімшілігі мұндай әрекет пайдакүнемдік сипатында болмағанын, негізгі мақсат – барлық оқушыларды оқу материалына қолжетімді ету және оқу жоспарын уақытылы орындау болғанын хабарлады.
Жауапта мектепте «9 айда – 9 кітап» жобасы аясында оқушылардың көркем әдебиетті жүйелі оқуын қамтамасыз ету үшін кейбір кітаптарды оқу мақсатында сканерлегені, бірақ авторлық құқықты бұзғысы келмегені айтылған. Барлық кітаптар электрондық базаға енгізілген, бірегей штрих-кодпен тіркелген және мектептің ішкі тәртібі бойынша қатаң есепке алынатыны да атап көрсетілді.
«Аталған жағдай бойынша ішкі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін тиісті ұйымдастырушылық шаралар қабылданады», - деп жауап қайтарды BINOM SCHOOL әкімшілігі.
Мектеп әкімшілігі бұл жағдайдың қайталанбауы үшін ішкі түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
Бұған Шыңғыс Мұқан былай деп жауап қатты:
«Меніңше, мұндай құқықбұзушылық жиі болып тұрады. Оған себеп те жоқ емес. Айталық, бұл мектеп «Мектепте үйретпейтін дағдылар» сериясы бойынша шыққан кітаптардың бір-бір данасын алған. Егер оқушылар тоғыз айда тоғыз кітап оқуға тиіс болса, бір кітаптың оқушыларға жетпейтіні анық, сондықтан мұғалімдер осындай заңсыз әрекетке баруға мәжбүр!»