Михаил Шайдоровтың тарихи алтынынан кейін Қайрат Нұртас Денис Теннің анасына құрмет көрсетті
Қайрат Нұртас Денис Теннің анасын құттықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров тарихи алтын жүлде жеңіп алды.
Осы айтулы жетістіктен кейін әнші Қайрат Нұртас марқұм спортшы Денис Теннің анасы Оксана Тенге арнайы барып, құрмет көрсеткен.
Әнші өзінің құттықтау сөзінде Михаил Шайдоровтың жеңісі қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың бастауында тұрған Денис Теннің еңбегімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Михаил бауырым Олимпиаданың алтынын сыйлап, барша қазақты қуантты. Бауырыма сәттілік тілеймін. Бірақ дәл қазір мен Денис Теннің анасы — Оксана анамызға арнайы келдім. Бүгінгі жетістіктің бәрі Денис Тен салған жолдың жалғасы. Алғашқы қадамды жасаған Денис. Осындай ұлды дүниеге әкелгеніңіз үшін рақмет. Сізге ұзақ ғұмыр тілейміз», — деді Қайрат Нұртас.
Айта кетейік, Денис Тен қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың тарихында жаңа белес ашқан спортшы ретінде есте қалды. Ол 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарында қола жүлде иеленіп, Қазақстанға осы спорт түрінен алғашқы олимпиялық медальді сыйлаған еді.
Ал биыл 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары аясында Михаил Шайдоровтың жеңісі қазақстандық спорт үшін жаңа тарихи кезеңнің басталуына айналды. Бұл — Қазақстан құрамасы үшін қысқы Олимпиададағы алтын медальдің араға 32 жыл салып қайта келуі ретінде бағаланып отыр.
Материал авторы