1762

Олимпиадада жеңуі неғайбыл Софья Қазақстан қазынасына қымбатқа түсіп жатыр

Ресейлік релокант-спортшы АҚШ-та тұрып, сонда тұрақты жаттығады.

Олимпиадада жеңуі неғайбыл Софья Қазақстан қазынасына қымбатқа түсіп жатыр
SMARTNEWS.KZ коллажы

Миландағы Олимпиада ойындары мәресіне жетпей жатып, отандық спорт шенеуніктері «жеңіс» тойын тойлап кетті. Бірақ бұл тойдың төрінде – тұғырдан көрінген чемпионымыз емес, ондыққа әрең ілінген экс-ресейлік қыз. Алыстағы Америкада қазақ бюджетінің қаймағын қалқып ішкен Софья Самоделкина ханым аңғал қазақстандықтарды мұзға отырғызып кетпей ме?

Министрлік математикасы: 1 мен 5 онға татымай ма?

Қазақ спортының көгінде жарық жұлдыз! Оның жарқыраған аппақтаң-сәулесі тіпті Милана-Кортина Олимпиадасының чемпионы, «алтын бала» Михаил Шайдоровтың да бейнесін көмескілендіріп, көлеңкеде қалдырғандай. Бұл феноменнің сыры неде?

Софьяға деген ілтипатта шек жоқ. Егер Астанаға келсе, Президент те қабылдап қалар деп күтіп жүр жұрт. Сылаңдаған сұлудың сыйқырына шыдамаған Қазақстанның білдей бір Туризм және спорт министрлігі Самоделкинаның әр қадамын сүйіншілеуден жалығар емес. Спортшы қызды бір Олимпиададағы жетістігімен бір емес, екі рет құттықтады (Шайдоровтың жеңгенін бір рет айтып өтті).

Сонымен, спорт министрлігінің ресми сайтының басты бетінде осы ғажайып спортшы сылқымның суреті орналастырылған. Ербол Мырзабосынов басқаратын Туризм және спорт министрлігі алдымен 18 ақпанда сүйіншіледі. «Құттықтауды ұмытпаңдар-ей!» дегендей оның туған күні екенін де елге ескертіп, ерекше екпінмен хабар таратты.

«Милан-Кортина 2026: Софья Самоделкина қысқа бағдарламада жеке рекордын жаңартты! Бүгін Италиядағы XXV қысқы Олимпия ойындарында мәнерлеп сырғанаудан әйелдер сайысында финалға өткен 24 спортшының есімі белгілі болды. Қазақстан атынан өнер көрсеткен Софья Самоделкина әзірше 12-орында келе жатыр. Софья қысқа бағдарламасында 68.47 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Сондай-ақ оның Олимпиададағы дебюті туған күнімен (19 жас) тұспа-тұс келді!», - делінген министрліктің бірінші хабарламасында.

Кеше, 20 ақпанда, түнгі 02:24-те ведомство тағы да дүбірлетті.

«Софья Самоделкина еліміздің жаңа рекордын орнатты! Мәнерлеп сырғанаудан Миланда өтіп жатқан XXV қысқы Олимпия ойындарында әйелдер арасындағы жеңімпаздар анықталды. Қазақстан атынан сынға түскен Софья Самоделкина өз мансабындағы рекордтық ұпайын жинап, 10-орынға тұрақтады. Қос бағдарламаның қорытындысы бойынша, отандасымыз 207.46 ұпаймен жеке мансабындағы ең үздік көрсеткішін тіркеді!», - деп қуаныштан жасаурады министрліктің сайты.

Ал, оныншы орның құтты болсын, қазақ елі! 10-шы орын! Иә, қателескен жоқсыз. Қазақстанды жерсінбеген қыздың бұл көрсеткіші министрлік үшін ұлттық мерекеге парапар сияқты. Тұғырға жолай алмаған оныншы орынның осыншалықты ұлықталуы – отандық спорт идеологиясының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетсе керек.

Еске сала кетейік, осының алдында басқа бір қазақ баласының жеңіске құштарлығы тіпті Халықаралық Олимпиада комитетін таң-тамаша еткен еді.

«Қазақстандық конькиші Олимпиадада фотофиниш арқылы жеңісті жұлып алды. Қазақстан құрамасының шорт-трек өкілі Абзал Әжіғалиев Италиядағы Олимпиада ойындарының 500 метр қашықтықтағы іріктеу кезеңінде жеңісті мәреге жетіп, жанкүйерлерді тәнті етті. Абзал жарыс соңында ғана қарсыластарын қуып жетіп, қорытынды нәтиже фотофиниш арқылы анықталды. Нәтижесінде қазақстандық спортшы бірінші орын алса, италиялық спортшы Пьетро Сигель екінші болды.Айта кетерлігі, италиялық спортшы жарысты артымен, аяғын мәрегесозу арқылы аяқтады. Уау! Мұндай фотофинишпен аяқталған жарысты бұрын-соңды көрдіңіздер ме? Абзал Әжіғалиев кілт бұрылып кеткен Пьетро Сигельді басып озып, іріктеуде бірінші орынды иеленді», – деп атап өтті Халықаралық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі.

Әрине, қорытындысында Абзал бесінші орында тұрақтап, медаль ала алмады. Бірақ Қазақстан заңнамасы бойынша 5-ші орын жүлделі саналады. Заңмен бекітілген, қазақстандық олимпиадашыларға арналған төлемдер келесідей: 

1-ші орын (алтын) үшін: 250 000 доллар және 3 бөлмелі пәтер;

2-ші орын (күміс): 150 000 доллар және 2 бөлмелі пәтер;

3-ші орын (қола): 75 000 доллар және 1 бөлмелі пәтер;

4-ші орын: 30 000 доллар;

5-ші орын: 10 000 доллар;

6-ші орын: 5 000 доллар. 

Бітті! Ұлттық заңнама оныншы орынды мойындамайды. 5-ші орын мәртебе саналады. Соған қарамастан, спорт министрлігінің сайтында жаһандық үздік бестікке кірген Абзал Әжіғалиевті жетістігімен құттықтау деген жоқ.

ХОК-ты тамсантқан спортшыны тіпті қазақстандық Ұлттық Олимпиада комитеті құттықтауға асықпады. Есесіне, ол оныншы орында қалған спортшыны құттықтағанын мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындайтын БАҚ арқылы жаһанға жариялады. Бұл сәтті «тарихи оқиға» ретінде көрсетуге тырысып бақты.

«Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкин мен олимпиялық чемпион Михаил Шайдоров Софья Самоделкинаны Италиядағы Олимпиялық  ойындардағы табысты дебютімен құттықтап, гүл шоғын табыстады», - деп жарыса жазуда ақпарат құралдары.

Соны растайтын видеоны ҚҰОК баспасөз қызметі жанталаса таратты.

«Софья Самоделкинаның Олимпиададағы дебюті туған күнімен тұспа-тұс келді! Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы қос бағдарлама қорытындысы бойынша 207,46 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Сондай-ақ Олимпиада-2026-да үздік ондыққа енді. Бұл - спортшының мансабындағы айрықша сәт!» - дейді ҚҰОК.

Америкалық ән, америкалық бапкер және қазақ ақшасы

Басты мақсат орындалды, Головкин елге орала беруіне де болады. Софья болса, Қазақстанға қайтпауы мүмкін. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, ол Калифорнияда тұрады және жаттығады.

Софьяның өнерінде «қазақи» иіс сезілмейді. Шайдоров күміс көмей Димаштың тегін сыйлаған әуенімен алтын алса, Софья оныншы орында тұрақтау үшін мұхиттың ар жағынан америкалық әнші Николь Шерзингердің әнін тапсырыспен алғызыпты.

Мұны АҚШ әншісінің өзі жариялады. Ол Софья Самоделкинаның мұз айдынындағы би қойылымын өзінің орындауындағы шығармамен сүйемелдегенін еске салды.

«2026 жылғы Олимпиадада менің Sunset Boulevard әніме жасаған әсерлі өнерің үшін рахмет», – деп жазды Шерзингер Instagram парақшасында. Бірақ бұл құқық үшін ән авторына Қазақстанның қанша қап ақша жолданғанын жасырып қалды. Мұны қазақстандық тарап та жарияламай отыр.

Ресейлік sports.ru жазуынша, Қазақстан атынан өнер көрсететін ресейлік релокант Софья Самоделкина өткен маусым бойы ресейлік бапкер Рафаэль Арутюнянға барып жүрген. Арутюнян Калифорнияда біздің Шайдоровтың қарсыласы Илья Малининді жаттықтырады.

Алайда Рафаэль Арутюнян ресейлік RT-ға сұхбатында Софьяның Олимпиада жеңімпазы болуына тосқауыл болатын техникасындағы«кінәраттарын» жайып салды: «Софья Самоделкинаның лутц секірісінде «қыры» әрдайым кінәратты болады». Білікті бапкер тіпті оны «балта сорпасына» теңеді.

Яғни, Самоделкинаның лутц секірісіндегі қателіктері – «балта сорпасы» сияқты, болашағы бұлыңғыр дүние. Сұхбаттың түпнұсқасынан үзінді келтірсек.

«Меня расстроило, что она сорвала последний каскад. Могу объяснить, почему это произошло. Фигурное катание без сложных прыжков сродни супу из топора и не имеет будущего. На всех предыдущих соревнованиях ей даунгрейдили (бағасын түсіру) этот каскад из-за неправильного ребра на лутце. Я ей всё время говорил: всередине сезона невозможно исправить технические огрехи, которые до этого спортсмен нарабатывал в течение нескольких лет, а у Самоделкиной на лутце всегда было неясное ребро... В соревнованиях ведь всегда все старые ошибки вылезают автоматически, поэтому, собственно, каскад и получился сорванным», - дейді Рафаэль Арутюнян.

«Кәрі» жұлдыздың қымбат «хоббиі»

Қазіргі кезде Софья Самоделкинаның жасы жиырмаға таяды. Мәнерлеп сырғанау үшін жас спортшы емес. Құйындай үйірілген 15 жасар балалардың қасында «ардагер» санатына жатады.

Тағы бір релокант теннисші Рыбакинаның масқара тірлігін қайталап, Олимпиадада Қазақстанның намысын қорғаудан ары қарай бас тартпас па? Кепілдік жоқ.

Мұны аз десеңіз, бұған дейін жарияланғандай, Софья Владимировна былтыр қатты жарақат алған. Соның кесірінен, мысалы, 2025 жылғы қазанда өткен CS Denis Ten Memorial сайысына қатыса алмады. Демек, қазақстандық жанкүйерлерге Олимпиада жүлдесін алу емес, кезекті рет «жеке рекордын жаңартқаны үшін» мәз болу ғана қала ма?

«Уикипедия» Мәскеудің Самоделкинаны тіпті Ресейдің ұлттық құрамасына да алмағанына назар аудартады. Сондықтан 2024 жылғы мамырда РФ тарапы оның Қазақстан атынан өнер көрсетуіне еш қарсылықсыз келісе салған.

«Экс-ресейлік Самоделкина алдымен қазақстандық федерацияның табандауымен Астанаға көшті. Алайда Қазақстанды жатсынып, бірер аптадан соң мұхиттың ар жағына тайып тұрды», - деп жазды Sport24.ru.

Қазақстанның спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәлімдеуінше, мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкинаның АҚШ-та тұрып, сонда жаттығуына мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалуда.

Министрдің айтуынша, Америкада тұру Софьяға сапалы жаттығу үдерісін қамтамасыз ету және әлемнің жетекші спортшыларымен бәсекелесу мүмкіндігін беру үшін жасалған. Sport Qory, республикалық және жергілікті бюджеттер – бәрі де Софьяның Калифорниядағы жайлы өмірі мен кезекті оныншы орны үшін жұмыс істеп жатыр.

«Ол Америкада жаттығады. Онда халықаралық мамандар мен команда бар. Біз спортшыларды жеке дайындау тәсілін қолданамыз. Софья әлемдік жұлдыздармен бірге жаттығады. Мемлекет бюджет қаражатынан, соның ішінде Sport Qory бірыңғай операторы, республикалық және жергілікті бюджет есебінен Софьяға қаржы бөлеміз — осы қаражаттың есебінен спортшы жаттығады», — деді министр TengriSport тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.

Демек, біздің бюджет тек спортшыны емес, Америкадағы бапкерлер мен инфрақұрылымды да асырап отырған жайы бар. Ары қарай да солай жалғаса бермек. Софья Қазақстанға оралмайды. Тек оныншы орнымен ары қарай да қазақты қуантып, алыстан қол бұлғап қояды.

Бірақ «сүйген сұлу» деп бекер айтпаған. Біздің шенеуніктер тұғырдан таймақ түгіл, сол тұғырға таяп та келе алмаған спортшының әр басқан ізін сүйіп, оныншы орынды олимп шыңындай көруден танбайды-ау.

Материал авторы