Әйелді бір жыл бойы қудалаған БҚО тұрғыны айыппұлмен құтылды
Ер адам жәбірленушіні бірнеше ай бойы аңдып келген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Бөрлі аудандық соты Батыс Қазақстан облысы аумағында бір жылға жуық уақыт бойы әйел адамды заңсыз қудалаған ер адамға қатысты үкім шығарды.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы қаңтарға дейін жәбірленушіні жүйелі түрде мазалаған. Ол қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жіберген, үйі мен жұмыс орнына барып, соңынан еріп жүрген. Кейбір хабарламаларда қоқан-лоқы да болған.
Іс бойынша ең ауыр жағдай 23 қаңтар күні тіркелген. Тергеу дерегінше, ер адам дүкен маңында жәбірленушіні аңдып, сыртқа шыққан сәтінде оған күш қолданған. Әйелге әріптестері араша түсіп, оқиға одан әрі ушықпай тоқтатылған.
Сотта айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Мемлекеттік айыптаушы оған қоғамдық жұмыстар жазасын сұраған. Ал жәбірленуші жазаны белгілеуді соттың қалауына қалдырған.
Сот ер адамның әрекетін «елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау» деп саралады. Үкімде қудалаудың ұзақ уақытқа созылғаны және жәбірленушінің жеке қауіпсіздігі мен еркіндігіне нұқсан келтірілгені ерекше атап өтілді.
Нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылып, 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл — 346 мың теңге.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Материал авторы