Атырау облысында зейнеткер әйелдің мәйіті гараждан табылды
70 жастағы әйелдің өліміне күдікті ретінде күйеуі ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында зейнет жасындағы әйелдің мәйіті гараждан табылды. Қылмысқа марқұмның күйеуі күдікке ілінді. Оқиға Доссор кенті аумағында тіркелген.
Алдын ала мәліметке сәйкес, 70 жастағы әйел бір ай бойы туыстарымен байланысқа шықпаған. Жақындары алаңдап, полицияға арыз түсірген. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары үй мен ауласын тексеру кезінде зейнеткердің денесін гараж ішінен анықтаған.
Тергеу барысында марқұмның бірнеше жыл бұрын жолдасымен бірге Мақат ауданы аумағына көшіп келгені белгілі болды. Бұған дейін олар Орал қаласында тұрған.
Қазіргі уақытта негізгі күдікті ретінде әйелдің 64 жастағы жұбайы танылып отыр. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Атырау облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Дина Мақсот тергеу басталғанын растады.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деді ол.
Материал авторы