АҚШ-та Әзербайжан президенті Әлиевтің күзеті төбелесті (ВИДЕО)
Ақ үй маңында наразылық акциясы төбелеспен аяқталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-та Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қауіпсіздік қызметі мен наразылыққа шыққан азаматтар арасында жанжал шықты.
Оқиға Вашингтон қаласының орталығында, Waldorf Astoria Washington DC қонақүйі маңында болған. Ақпаратты Арменпресс агенттігі жазды.
Наразылық акциясы Ақ үй маңында өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, митинг Әзербайжандағы саяси тұтқындарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.
Президент кортежі қонақүйге келген сәтте, митингке қатысушылар мен қауіпсіздік қызметі арасында итеріс-тірес басталған. Акцияға қатысқан 27 жастағы азамат журналистерге қауіпсіздік қызметкерлері соққы жасағанын айтқан. Оның сөзінше, әкесі қазір Әзербайжан түрмесінде отыр. Тағы бір наразылық білдіруші қашу кезінде аяғын жарақаттап алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жанжал кезінде өзге адамдар да зардап шеккен.
Ал ресми Баку бұл мәлімдемелермен келіспейді. Әзербайжанның АҚШ-тағы елшілігі таратқан ақпаратқа сәйкес, наразылық білдірушілер өздері агрессия танытып, жабық қауіпсіздік аймағына өтуге әрекеттенген, президент кортежінің қозғалысына кедергі келтірген және ел басшылығына тіл тигізген. Елшілік өкілдері қауіпсіздік қызметі тек мемлекет басшысының қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін мәлімдеді.
Дипломаттар қонақүй маңындағы аумақты америкалық қызметтер ресми қауіпсіздік периметрі ретінде бекіткенін де атап өтті.
Әзербайжан президенті АҚШ-қа Дональд Трамптың шақыруымен келген. Ол «Бейбітшілік кеңесінің» алғашқы отырысына қатысқан.
Айта кетейік, форумның өзі де қоғамдық талқыға түсті. Әлеуметтік желілерде Трамптың шара барысында шаршаңқы көрінгені қызу талқыланып, оны бұрын ресми жиындарда ұйықтап қалған сәттерімен жиі сынға ілінген Джо Байденмен салыстырған жазбалар тарады.
Материал авторы