Михаил Шайдоров гала-шоуда Джеки Чанның қалай пайда болғанын айтты
Олимпиада чемпионы Шайдоров панда костюміндегі қойылымның құпиясын ашты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Италияның Милан қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындары 2026 гала-шоуында көрсетілімдік бағдарлама ұсынды.
Михаил Шайдоров гала-кештегі нөмір барысында әйгілі актер Джеки Чан-ның мұз айдынына күтпеген жерден шығуы қалай болғанын айтып берді.
Мәнерлеп сырғанауда гала-шоуға қатысатын спортшылар жарыс бағдарламасында көрсетілмейтін арнайы қойылым дайындайтыны белгілі. Бұл жолы Шайдоровтың командасы мұз үстінде панда бейнесіндегі костюммен орындалатын ерекше нөмір әзірлеген.
Олимпиада чемпионының айтуынша, Джеки Чанның қойылымға қатысуы бастапқы жоспарға кірмеген.
«Бұл бәрі аяқ астынан болды. Мұз айдынына келген кезде мұнда Джеки Чанның жүргенін білдім. Әрине, алдымен суретке түсуге бардым. Ол мені жеңісіммен құттықтады. Мен гала-нөмірімді міндетті түрде көруін өтіндім. Ол келісіп, кеш соңына дейін қалатынын айтты. Кейін ұйымдастырушылар арқылы оның нөмірдің соңында мұзға шығуы жөнінде келістік», – деді Михаил Шайдоров.
Сырғанаушы панда костюмінде өнер көрсету оңай болмағанын да жасырмады.
«Бұл киімнің ішінде жай ғана тұрудың өзі қиын, өте ыстық. Ал секіру – тіпті бөлек әңгіме. Костюм көлемді әрі жеңіл, қозғалған сайын екі жаққа шайқалып кетеді. Бұл мұз үстінде қауіпті», – деп түсіндірді спортшы.
Оның айтуынша, Олимпиада чемпионы атанғанын толық сезініп үлгерген және қазір елге тезірек оралуды қалайды.
Сонымен қатар, Михаил Шайдоровтың шақыруымен қойылымға грузиялық мәнерлеп сырғанаушылар – Лука Берулава мен Ника Эгадзе де қатысқан.
Айта кетейік, бұған дейін Михаил Шайдоров 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанға мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль әкеліп, Олимпиада чемпионы атанған болатын.
Материал авторы