335

Петропавлда зейнеткер жылқы сүйегін жұтып қойып, шұғыл операция жасалды

Жылқы етінің сүйегі зейнеткердің өңешін тесіп кете жаздады.

Петропавлда зейнеткер жылқы сүйегін жұтып қойып, шұғыл операция жасалды
instagram.com/qazmedia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавл қаласында 66 жастағы ер адам кешкі ас кезінде жылқы етінің өткір сүйек сынығын байқамай жұтып қойған. Алғашында ауырсыну өздігінен басылар деп үміттенген науқастың жағдайы керісінше нашарлап, ол қалалық көпсалалы ауруханаға жүгінген.

Тексеру барысында сүйек сынығы өңеш қабырғасына екі жағынан қатар қадалып қалғаны анықталған. Дәрігерлер оны жергілікті жансыздандырумен алу мүмкін болмаған соң, науқас шұғыл түрде операцияға жеткізілді.

Аурухана өкілдерінің мәліметінше, жалпы наркозбен жасалған күрделі операция кезінде қауіпті бөгде зат сәтті алынған.

Қазір зейнеткер хирургия бөлімінде жатыр, жағдайы тұрақты.

Дәрігерлер тамақ ішкеннен кейін кеуде тұсы мен мойында ауырсыну, жайсыздық пайда болса, уақыт созбай медициналық көмекке жүгінуге шақырады.

Материал авторы