Ресейде табысы аз мигранттарға жұмыс істеуге тыйым салынуы мүмкін
Күнкөріс деңгейінен төмен табыс патенттен айырылуға негіз болмақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейде шетел азаматтарының жұмыс істеу тәртібін түбегейлі өзгертуі мүмкін жаңа бастама көтерілді. Тиісті заң жобасы Ресей Мемлекеттік Думасы қарауына енгізілді. Құжат еңбек патентін алу құқығын мигранттың ресми табыс деңгейімен тікелей байланыстыруды көздейді.
Заң жобасына сәйкес, егер шетел азаматының ресми табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болса, оған жұмыс істеуге арналған патент берілмейді, мерзімі ұзартылмайды немесе мүлде күшін жоюы мүмкін.
Бастаманың негізгі талабы – мигранттың табысы тек өзіне ғана емес, Ресей аумағында асырауында жүрген отбасы мүшелерінің әрқайсысына да жетуі тиіс. Есеп орташа табыс негізінде жүргізіледі. Белгіленген шектен төмен көрсеткіш патент беруден бас тартуға жеткілікті негіз болмақ.
Сонымен бірге ең төменгі күнкөріс мөлшері өңірлік коэффициенттерді ескере отырып қайта есептелуі мүмкін. Бұл кейбір аймақтарда талап одан да қатаң болатынын білдіреді.
Табысты бақылау автоматты жүйе арқылы іске асырылады. Салық органдары шетел азаматтарының үш, алты, тоғыз және он екі айдағы кірістері жөніндегі мәліметтерді Ресей Ішкі істер министрлігі-не жолдайды. Есепке жұмыс берушілердің сақтандыру жарналары бойынша есептері де, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамту режимінде тіркелген тұлғалардың декларацияланған табыстары да енгізіледі.
Алайда бірқатар ерекшелік қарастырылған.
Жаңа талаптар патентті алғаш рет рәсімдеп отырған азаматтарға қолданылмайды. Сондай-ақ жеке тұлғалардың үй шаруасы мен тұрмыстық қажеттіліктері үшін жұмыс істейтін шетелдіктерге де шектеу қойылмайды.
Іс жүзінде бұл бастама еңбек миграциясына қаржылық сүзгі енгізуді көздейді. Ресейде жұмыс істеу құқығы тек ең төменгі деңгейден жоғары тұрақты табысын растай алған азаматтарға ғана берілуі мүмкін. Егер заң жобасы қабылданса, бұл мигранттардың құқықтық жағдайына да, еңбек нарығындағы ахуалға да елеулі ықпал етуі ықтимал.
Материал авторы