АҚШ жақында Путин мен Зеленский кездесетінін айтты
Арнайы өкіл келіссөздер «жақсы жаңалықтарға» әкелуі мүмкін екенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Украинадағы соғысты реттеу аясында Владимир Путин мен Владимир Зеленский жақын апталарда жеке кездесу өткізуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, келіссөздер нәтижесі «жақсы жаңалықтарға» ұласуы ықтимал.
Сұхбат барысында Уиткофф:
«Мен және Джаред Кушнер алдағы небәрі үш апта ішінде тараптарды жақындастыратын бірнеше нұсқаны ұсындық деп үміттенеміз. Бұл тіпті Зеленский мен Путиннің саммитіне алып келуі мүмкін. Кейін бұл форматқа президент те қосылып, үшжақты кездесу өтуі ықтимал», – деді.
Арнайы өкіл бұл пікірін Лара Трамп жүргізетін Fox News арнасына берген сұхбатында айтты.
Айта кетейік, 17–18 ақпанда Женева қаласында Ресей, АҚШ және Украина өкілдері қатысқан келіссөздердің үшінші раунды өткен. Ал Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт брифинг барысында үшжақты диалогта «елеулі ілгерілеу бар» екенін мәлімдеді. Дегенмен Украина президенті Владимир Зеленский Женевадағы келіссөздер аумақтық мәселелер бойынша нақты ымыраға алып келмегенін ашық айтты.
Материал авторы