Аудандарда электршінің айлығы небәрі 150 мың теңге. Вице-министр себебін айтты
Соңғы жылдары жалақы 450 мың теңгеге дейін өскен дейді министрлік өкілі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, шағын аудандарда электр желілерінде істейтін мамандардың орташа айлығы небәрі 150–200 мың теңге. Саладағы кадр тапшылығының басты себебі де — осы. Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов «ТҮЙІН» бағдарламасында, 24KZ телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, ел бойынша қазір 4,5 мыңға жуық электрші жетіспейді.
«Кадр тапшылығы жоқ деп айтуға болмайды — бар. Оның бірінші себебі — жалақы. Біз маман даярланбай жатыр деп айта алмаймыз. Ірі университеттер бар, өндірістік өңірлерде тиісті кадрлар шығып жатыр. Бірақ олардың көбі салаға келмейді. Неге? Себебі жалақы аз. Аудандық электр желілерінде орташа еңбекақы 150–200 мың теңге ғана. Осындай айлықпен жас маманды ауданға қалай тартамыз?» — деді вице-министр.
Оның сөзінше, соңғы 2–3 жылда жалақы мәселесіне нақты көңіл бөліне бастаған. Қазір республика бойынша энергетика саласындағы орташа айлық 450 мың теңгеге дейін көтерілген. Соның нәтижесінде бұған дейін саладан кеткен мамандар қайта оралып жатыр.
«Қазір электр және жылу желілерінде кадр тұрақтылығы біртіндеп қалыптасып келеді. Елдегі мамандардың сапасы жоғары. Бірақ бір кезеңде жалақының төмендігі мен әлеуметтік қолдаудың болмауы кадрлардың жаппай кетуіне әкелді», — деп түсіндірді ол.
Ал 2026 жылы энергетика саласындағы орташа жалақыны тағы 18 пайызға көтеру жоспарланып отыр.
Қазақстан электр энергиясы тапшылығын 2027 жылы жабуды көздеп отыр
Вице-министрдің мәліметінше, былтыр Қазақстан көршілес елдерден 3,7 млрд кВт/сағ электр энергиясын сатып алған. Қазіргі құрылым бойынша елдің солтүстігінде электр энергиясы артық, ал оңтүстігінде — тапшылық бар. Батыс өңір өзін-өзі энергиямен қамтамасыз етіп отыр.
«Жыл сайын жаңа энергия қуаттарын іске қосып келеміз. 2024 жылы 700 МВт-тан астам қуат енгізілді. 2025 жылы 669 МВт жаңа қуат қосылды. 2026 жылы да ірі жобалар іске қосылады. Осы жобалардың есебінен 2027 жылы елді электр энергиясымен толық қамтуға мүмкіндік болады», — деді вице-министр.
Дегенмен ол энергетика жүйесінде тәуекел әрдайым сақталатынын жасырмады.
«Бұл — тұтас энергетикалық жүйе. Техникалық апаттар болуы мүмкін. Сондықтан төтенше жағдай кезінде көрші елдерден электр энергиясын алу мүмкіндігі сақталуы тиіс», — деді ол.
Қазіргі таңда елде жылына шамамен 123 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріледі. Президент бұған дейін бұл көлем Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін атап өткен.
Материал авторы