Қазақша құжат жібермей отыр: Италиядағы елшілікке қатысты дау шықты
Италиядағы қазақтар референдумға тіркеле алмай отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Италиядағы қазақ диаспорасы референдумға қатысты ресми ақпараттың мемлекеттік тілде берілмеуіне наразы. Бұл мәселені журналист Айжан Көшкен көтерді.
Журналистің жазуынша, Италия аумағында тұратын қазақстандықтардың бір бөлігі референдумға бармауы мүмкін. Бұған саяси немқұрайлық емес, елшіліктен тараған ресми материалдардың тек орыс тілінде ұсынылуы себеп болып отыр.
Қазақ диаспорасының ортақ чаттарында референдум өтетіні жөніндегі хабарлама 19 ақпанда Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшілігі атынан жарияланған. Алайда алдын ала тіркеу парағы, түсіндірме материалдар мен Конституция жобасының мәтіні тек орыс тілінде таратылған.
Қатысушылар бірден бірнеше чатта құжаттардың қазақша нұсқасын сұраған. Елшілік өкілі «әлі дайын емес, ертең болады» деп қысқа жауап бергенімен, арада төрт күн өтсе де, қазақ тіліндегі нұсқа жолданбаған.
Онлайн тіркеудің соңғы күні жақындағанда, қазақтілді азаматтар алаңдаушылық білдіріп, қайтадан сұрақ қоя бастаған. Чаттарда:
«Бүгін – тіркелудің соңғы күні, қазақша нұсқа әлі жоқ па?», «Неге алдымен қазақша дайындалмайды?», «Заңды тек орыс тілділер ғана талқылауы керек пе?» деген мазмұндағы пікірлер жазылған.
Айжан Көшкен бұл жағдайды азаматтардың өз құқықтарын толық іске асыруына кедергі келтіретін мәселе деп бағалайды. Оның айтуынша, тіл туралы заңда Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері қызметін мемлекеттік тілде жүзеге асыруы тиіс екені және азаматтардың сұранысына мемлекеттік тілде жауап берілуі міндеттелгені нақты көрсетілген.
Журналистің пайымдауынша, шетелде жүрген азаматтар үшін елшіліктен өзге балама ресми ақпарат көзі жоқ. Сондықтан қазақ тілінде ақпарат берілмеуі – олардың маңызды саяси науқанға қатысу мүмкіндігін шектеумен тең.
Автор бұл жағдайды мемлекеттік тілдің тек қарым-қатынас құралы емес, ел егемендігінің символы екенін ескермеу деп санайды. Оның пікірінше, шетелде Қазақстан атынан қызмет атқаратын дипломатиялық өкілдіктер мемлекеттік тілге деген құрметті бірінші орынға қоюы тиіс.
Материал авторы