«Отбасы банк» халықты баспанамен қамту орнына балаларды панасыз қалдырды
Аптаның айғайы: банкирлер мен шенеуніктер болашақ чемпиондардың тағдырын доп қылып «тепкілеген» бе?
Банкирлердің гимнаст қыздармен “жаттығуы”
Астанада, жоғарғы биліктің терезесінің алдында спорттық драма қойылды. Қазақстан құрамасының гимнаст қыздарының ата-аналары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасауға мәжбүр болды. Елде чемпион тәрбиелеу үшін Президенттің «терезесін қағу» керек екені белгілі болды.
Халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, талай медаль әкелген Астанадағы гимнастика мектебі өз залынан қуылғалы тұр. Себебі ғимарат иесі ауысты. Меншік иесінің ауысуы – біздің елде табиғат құбылысы секілді: жел соқса жапырақ түседі, иесі ауысса – балалар далада қалады.
№1 Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің (ОРМБЖСМ) тәрбиеленушілері ондаған жыл үйреншікті болған ғимараттан кетуге тиіс. Бұл жаңалықты команда 2025 жылдың соңында естіген. Сол кезде «мемлекет техникалық талаптарға сай залды бізге қалдырар» деп үміттенген. Үміт – тегін. Ғимарат – қымбат. Жуырда көшу керектігі тағы ескертілді.
Содан кәмелет жасқа толмаған елордалық гимнаст қыздардың ата-аналары Президентке бейнеүндеу жолдады. Олардың айтуынша, «Думан» қонақ үйінің ғимаратындағы зал көркем гимнастикадан чемпион қыздарды дайындауға қойылатын талаптарға барынша сәйкес келетін елордадағы бірден-бір орын. Чемпион дайындау – ата-ананың ғана шаруасы емес, мемлекеттің ісі емес пе еді?
Қазақстандық гимнасшы қыздар экс-ресейлік гимнасшы Софья Самоделкинаға берілген артықшылыққа ие емес: бюджет олардың Америкада өмір сүріп, жаттығу шығынын көтермейді.
Мәселеге шенеуніктердің назарын аударту үшін спортшылардың ата-аналары Премьер-министрге де, Отбасы банк басшылығына да үндеу жолдады. Банк өтінішке ресми сайтында хабарлама жариялау арқылы жауап берді. Әдеттегідей ресми стильде. Қысқаша мазмұны: жоқ, кетіңдер, мұнда енді біздің қызметкерлер жайғасады. Болашақ ұрпақ пен бюрократия текетіресі. Қайсысы жеңеді? Әзірге – бюрократия.
Банк бұрынғы «Думан» қонақ үйінің ғимараты барлық кіріктірілген үй-жайларымен және іргелес аумағымен бірге банктің меншігіне өткенінжәне алдағы уақытта тек банк қажеттілігіне ғана пайдаланылатынын қадап айтты. Онда халыққа қызмет көрсету орталығын ашу жоспарланыпты. Бұл банкке едәуір қаржылық шығындардан құтылуға мүмкіндік береді делінген. Өйткені ол қалада біраз ғимаратты жалға алады. Гимнаст қыздарға спортзалды жалға беруге Отбасы банктің құқығы да, құлқы да жоқ.
«Қазір біздің мекеме техникалық сипаттамалары сәйкес келетін баламаларды қарастыруда. Үй-жайдың төбесі биік, залы кең болуғатиіс. Наурыздан бастап балалар далада қалмас. Олар жаттығу мен оқуын жалғастырады», – деді Астана қаласындағы №1 ОРМБЖСМдиректоры Қуат Тлегенов. Иә, іздеу бар. Ал табу – басқа әңгіме.
Жас спортшылардың ата-аналары жаңа ғимараттың табылатынына күмән келтірмейді. Алайда ол техникалық талаптарға сай келмейтін болып шығады деп қауіптенеді. Көркем гимнастика – подвалдасекіретін спорт емес.
Құр бақылау төбені биіктетпейді
Туризм және спорт министрлігі бұрын «Думан» залында жаттығатын №1 ОРМБЖСМ көркем гимнастика бөлімінің жағдайына қатысты ресми түсініктеме берді. Мәліметінше, Отбасы банк спортшыларға оқу-жаттығу үдерісінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін мамандандырылған залды пайдалануға 2026 жылдың 1 маусымына дейін ғана мерзім берді. Үш айдан кейін жиған-тергенін жиып-теріп, үй-жайды біржола босатуға тиіс.
Осыған байланысты Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасы 1 маусымнан бастап 2026 жылдың соңына дейінгі кезеңге «Сарыарқа» велотрегінің спорт залын жалға алу мәселесін пысықтауда. Бірақ биылғы желтоқсаннан кейін болашақ чемпиондар ол жерден де табанын жалтыратуға мәжбүр болмақ.
Қала әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Жангелдин көшесі, 9а мекенжайындағы ескі «Жеңіс» спорт кешеніне көркем гимнастика залына арналған арнайы қосымша құрылыс салынуда. Жоба бойынша өлшемі 14×14 метр болатын екі тұғыр-помост және биіктігі 14 метрлік зал қарастырылған. Нысанды пайдалануға беру ағымдағы жылдың соңына жоспарланып отыр. Егер көптен жүріп жатқан ол құрылыс сол бойы бітпесе, жанжал жаңа қарқынмен қайта қаулайтын түрі бар.
«Егер баламалы алаң анықталмаса, қолданыстағы залды одан әрі пайдалану мәселесі балалардың мүддесін ескере отырып, қайта қаралады. Бұл туралы қосымша ақпарат БАҚ арқылы хабарланады. Жағдай министрліктің бақылауында», – деп сырғыта мәлімдеді Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова. Бақылау – мықты құрал. Тек бір қуылған бала қайта орала ала ма?
Оның үстіне табу жауапкершілігі түгелдей дерлік әкімдікке жүктелгендей, ал, министрліктен нақты көмек күту қиын. Бақылау мен ауызша қолдаудан өзге қолға алған елеулі шарасы байқалмайды.
Өзгеге ұнамағаны «Отбасыға» ұнады
Осы орайда қоғамда «Отбасы банк неге Астананың ескі орталығында орналасқан «Думан» қонақ үйін сатып алды?» деген сұрақ туындады.
«Отбасы банкті Астанаға көшіру туралы шешім қабылданды. Бұған дейін Алматыдағы ғимараты пайдалануға жарамсыз болып қалды. Ендеше банк бәрібір көшуге тиіс еді. Сонда бірден Астанаға қоныс аударған дұрыс деген ұйғарымға келдік», – деді «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин.
Ол «Думан» қонақ үйі мемлекетке қайтарылған актив екенін ескертті.
«Осы активті сату саясаты аясында бірнеше аукцион өткізілді. Алайда ұсынылған баға әлеуетті сатып алушыларды да, мемлекеттік органдарды да қанағаттандырмады. Бұл активтің ауданы мен белгілі бір параметрлері Отбасы банктің орналасуына ғана сай келді. Себебі банк заңнама талаптарына сәйкес өз аумағында арнайы есептеу қуаттарын (дата-орталықты) орналастыруы қажет. Қаржы институты конкурсқа толыққанды қатысып, ғимаратты сатып алды жәнеқаражатты мемлекетке аударды. Бұл квазимемлекеттік компания үшін ең үнемді шешім болды», – деді «Бәйтерек» холдингінің басшысы.
Ешкімге ұнамағаны «Отбасы банкке» ұнапты. Негізі, «Думан» ғимараты ескі әрі тозығы жеткен. Қонақ үй кешені сонау 2007 жылыпайдалануға берілді. Іске жегілгеніне көп ұзамай 20 жыл толады.
Бұл – жалпы ауданы шамамен 44 000 шаршы метрді құрайтын, 19 қабатты, 4 жұлдызды қонақ үй. Нөмір қоры – 210–213 бөлме. Инфрақұрылымына бизнес-орталық, боулинг, бассейні бар спорттық-сауықтыру кешені, мейрамханалар мен конференц-залдар кіреді. Оның бәрі енді күндіз-түні «отбасылық» банкирлердің иелігінде.
Журналистер Отбасы банк неге Ұлттық банк секілді елордада өзіне жаңа ғимарат салмағанын сұрады. Өйткені клиенттердің және бюджеттің қаражатын қатар игеріп отырған банк біраз уақыттан кейін «бұл ғимарат та пайдалануға жарамсыз болып қалды» деп мәлімдемесіне кім кепіл?
«Есептеулер жүргіздік. Ашық дереккөздерге қарасаңыздар, жаңа ғимарат салу әлдеқайда қымбатқа түсер еді. Бұл нысанның баланстық құны мұндай мәміле үшін біршама тиімді болды», – деді холдинг басшысы Қарагойшин.
Айтпақшы, ашық дереккөздер бойынша су жаңа қонақүй ғимаратын салу 9 миллиард теңгеге түсуі мүмкін. Ал, Отбасы банкінің «Думан» қонақ үйін «Қайтарылған активтерді басқару компаниясынан» (ҚАБК)14 миллиард теңгеге сатып алғаны белгілі болды. Бұл мәлімет компанияның «Курсивке» сауалына берген жауабынан туындайды.
Алайда бұл миллиардтар республикалық бюджетке тікелей түспейді. Ол «арнайы мемқор» дегенге кеткен. Сондықтан қайда жұмсалатыны белгісіз. Бұл қор жемқорлардан тартып алынған қаражатты жинап, оған мектеп, аурухана, сумен жабдықтау желілері сияқты жобаларды іске асырады. Бірақ елге нақты жылдық есебін жарияламайды.
Бұрын ғимарат Дариға Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевпен байланысты компанияға тиесілі болған. Бұл байлар 2024 жылы нысанды мемлекетке «ерікті түрде» әрі тегін қайтарып беріпті.
«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» «Думан» қонақ үй кешенінің нақты сату бағасын тікелей жарияламады. Дегенмен ҚАБК-дегілер журналистерге бұл нысанды сату «2025 жылдың шілде айында Отбасы банктің Mitwork веб-порталында жариялаған электрондық сатып алу рәсіміне қатысу арқылы жүзеге асқанын» хабарлады.
Аталған порталда шынымен де банктің Астанадан кеңсе ғимаратын сатып алатынына қатысты лот бар. Бұл хабарландыруға тек «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ғана қатысып, офистік кеңсесін ұсынған және ол үшін 14 млрд теңге сұраған.
«Таңдалған тетік активті қайта сауда өткізбей-ақ сатуға және бастапқы бағаның төмендеуіне жол бермеуге мүмкіндік берді. Бұл Арнайы мемлекеттік қорға қаражаттың барынша көп түсуін қамтамасыз етті. Еске салайық, АМҚ қаражаты әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады», – деп жауап берді ҚАБК өкілдері. Ал әлеуметтік жоба дегеніміз – болашақ чемпион тәрбиелеу емес пе еді?
«Думан» кешені 2024 жылы ҚАБК басқаруына берілгенге дейін «Армания» компаниясына тиесілі болған. БАҚ бұл компания иелері Дариға Назарбаева мен оның азаматтық күйеуі болған-мыс делінетін Қайрат Шәріпбаевпен байланысты екенін жазды. 2014 жылы «Армания» қонақ үйді «ҚазМұнайГаз-Сервис» компаниясынан 4,3 млрд теңгеге сатып алған.
Екі жыл бұрын мемлекет оны «кәмпескеледі». Содан соң 2024 жылдың жазында «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» қонақ үйді екі рет аукционға шығарды. Бастапқы баға 13,98 млрд теңгеден басталғанымен, сатып алушылар табылмай, өткізе алмады.
«Думанды» ҚАБК қалай басқарды?
2024 жылдың жазындағы табыссыз аяқталған саудадан кейін қонақ үй ҚАБК басқаруымен жұмысын жалғастырды.
«Осы кезеңде қонақ үйдің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді. 157 жұмыс орны сақталды. Жалға алушылармен келісімшарттар ұзартылды және дивидендтер тұрақты түрде төленіп тұрды», – делінген компанияның жауабында.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында «Думанда» 37 елден келген 426 қонақ орналастырылды. Ойындар кезеңінде көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі шамамен 90 млн теңгені құрады. Басқару қорытындысында Арнайы мемқорға 108,9 млн теңге аударылған.
Енді Отбасы банк «Думан» кешенінің ғимаратында орналасатын бас кеңсесінде банктің деректерді өңдеу орталығын да жасақтауға ниетті. Мұның ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыратыны, деректердің сыртқа ағып кетуінің алдын алу ісін күшейтетіні айтылды. Болашақта «Бәйтерек» холдингіне қарасты еншілес ұйымдар «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес пен халыққа қызмет көрсетуі үшін олардың бөлімшелерін осы ғимаратта ашу жоспарланып отыр.
Сонымен, таразының бір басында – мемлекет пен квазимемлекет арасындағы 14 миллиардтық мәміле, Data-орталық. Екінші басында – төбесі биік, залы кең бір спортзалға мұқтаж балалар. Бір жағында – актив, баланс, ипотека. Екінші жағында – медаль, еңбек, болашақ.
Мемлекетке қайтарылған активті ақыры мемлекет балаларға қимады.Бұл оқиға – қатардағы әңгіме, жай ғана ғимарат мәселесі емес. Бұл – басымдықтар мәселесі. Егер алпауыт қаржы институтына зал табу оңай, ал, жас ұрпаққа – қиын болса, біздің билік нені көбірек бағалайды? ЖИ серверін бе, әлде спорттық серпінді ме? Чемпион бір күнде шықпайды. Әсіресе, залды үш айда босат десе.
Материал авторы