195

Астанада спорт саласы өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады

Жаттықтырушылармен кездесуде референдумның маңызы түсіндірілді.

Астанада спорт саласы өкілдері жаңа Конституция жобасын талқылады
Василий Крась

Астана қаласындағы Спортты дамыту дирекциясы алаңында елдегі конституциялық реформаларды түсіндіруге арналған ашық кездесу өтті.

«ҚР жаңа Конституциясы жобасы: құқық, міндеттер және спорт инфрақұрылымын дамыту» тақырыбымен ұйымдастырылған талқылауға Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін! Жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық штабының өкілдері қатысып, жаңа құжаттағы білім, медицина және спорт саласына қатысты өзгерістерді түсіндірді.

Кездесуге дирекцияға қарасты елуге жуық жаттықтырушы жиналды. Пікірталасқа Астана қалалық мәслихатыдепутаты Давид Лория және Республикалық жас кәсіпкерлер лигасы төрағасы, коалицияның Есіл аудандық филиалының мүшесі Мерхат Жылқыбаев қатысты.

Мерхат Жылқыбаев спорттағы жетістік жеке еңбектің ғана емес, жүйелі кадр даярлау мен институционалдық саясаттың нәтижесі екенін атап өтті.

«Референдум – жай саяси рәсім емес. Бұл – қоғамдық келісімді құқықтық негізде бекітетін тетік. Қоғам сенімі декларациямен емес, заңды рәсіммен қалыптасады. Алдағы дауыс беру – жауапкершілікті қайта құрылымдау кезеңінің жалғасы», – деді ол.

Ал Давид Лория бұқаралық және кәсіби спортты тұрақты қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және болашақ чемпиондарды дайындау үшін ұзақ мерзімді саясат қажет екенін айтты.

«Әлеуметтік кепілдіктер, балалар мен жасөспірімдер спорты, спорт нысандарына тең қолжетімділік пен қаржыландырудың ашықтығы – саланың дамуына тікелей әсер етеді. Күшті спорт – тек медаль емес, мықты мемлекеттің іргетасы», – деді мәслихат депутаты.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы басқару қағидаттарын айқындап, азаматтардың құқықтарын нақтылап, мемлекеттік органдар үшін міндетті ережелерді бекітеді. Бұл өзгерістер саясатпен ғана шектелмей, әлеуметтік қолдау, отбасы құқығы, қауіпсіздік пен әділеттілік секілді күнделікті өмірге тікелей әсер етеді.