296

Аязға байланысты бірнеше өңірде оқушылар онлайн оқуға көшті

30 градусқа дейін аяз болуы мүмкін.

Аязға байланысты бірнеше өңірде оқушылар онлайн оқуға көшті
ЖИ иллюстрациясы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ауа райының күрт нашарлауына байланысты елдің бірнеше өңірінде оқушылар қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Қарағанды қаласының білім бөлімі бірінші ауысымда оқитын 0–4 сынып оқушыларының сабақтары онлайн өтетінін хабарлады.

Дәл осындай шешім Көкшетау қаласында да қабылданды – бірінші ауысымдағы барлық оқушылар қашықтан оқиды.

Павлодар облысында 24 ақпанда ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты бірінші ауысымдағы 1–11 сынып оқушылары, сондай-ақ 9-сынып базасында оқитын колледждердің 1–2 курс студенттері онлайн форматқа көшірілді.

Аяздың күшеюіне байланысты Астана қаласында да бірінші ауысымда оқитын оқушылар қашықтан білім алады. Қалалық хабарламада:

«2026 жылғы 24 ақпанда ауа температурасының төмендеуіне байланысты бірінші ауысымдағы 0–9 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады», – делінген.

Сонымен бірге синоптиктердің болжамына сәйкес, ертең Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы минус 30 градусқа дейін төмендейді. Осыған байланысты 1–11 (кейбір мектептерде 12) сынып оқушылары онлайн форматта оқиды.

Мамандардың мәліметінше, алдағы күндері түнгі уақытта батыс өңірлерде ауа температурасы минус 15–25 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік және орталық аймақтарда 28–37 градус аяз күтілсе, шығыста 32–40 градусқа дейін суытады. Ал оңтүстік облыстарда ауа температурасы шамамен 0–10 градус аяз деңгейінде болады.

Материал авторы